Шымкент әкімдігі инвестормен келісім жасасуды созғаны үшін жауапқа тартылды
Әкімдікке қарайтын жайлы ортаны дамыту басқармасының бастығы тәртіптік жазаға тартылды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Инвесторлардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, жолын кесу және оларды дамытуға көмектесу мақсатында Шымкент қаласының прокуратурасында барлық мүдделі органдар мен ұйымдар қатысатын фронт-офис жұмыс істейді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында қала прокуратурасы «Шымкентцемент» ЖШС-ның өзекті кейсін қарады. Бұл инвестор 200-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңғыртуға 22 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған цемент өндіру бойынша ірі жобаны жүзеге асыруда», - деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.
2022 жылғы қарашада компания АҚ-дан ЖШС-ге айналу арқылы қайта құрылды.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер өзгерген жағдайда келісімшартқа толықтыру жасалады, оны өтініш келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде әкімдік қарайды.
Алайда бұл талапты бұза отырып, жыл бойы Шымкент қаласы әкімдігінің жайлы ортаны дамыту басқармасы инвестормен жер қойнауын өндіру бойынша қосымша келісім жасасуды созбалаңдыққа салған.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша әкімшілік кедергі жойылып, әкімдік цемент зауытымен келісім жасады, Жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім бастығы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Инвестициялық жобаны сүйемелдеу жалғасуда және прокуратура басшылығының бақылауына алынды.