$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.04.2020, 15:53
Қоғам

Елордада 42,5 мың теңге көмекті 16 мыңнан астам тұрғын алды – Көлгінов

Нұр-Сұлтан әкімі қаладағы соңғы жағдайды баяндады

Елордада 42,5 мың теңге көмекті 16 мыңнан астам тұрғын алды – Көлгінов

Елорда басшысы Алтай Көлгінов карантинге жабылған қаладағы ахуал жайында айтты. Оның айтуынша, қала шетіндегі бақылау-өткізу бекеттері жұмыс істеп тұр. Азық-түлік тасымалдап жүрген жүк көліктері үшін жол әрдайым ашық. Осы күндері барлық санитарлық нормалар сақтала отырып, қалаға 13 мың тонна азық жеткізілген.

Әкім Нұр-Сұлтан қаласында тұрақтандыру қоры құрылып, кейбір азық-түлік түрлері өз бағасына сатылып жатқанын айтты.

«Елордада тұрақтандыру қоры құрылды. «Magnum», «Астықжан», «Кеңмарт», «Small» сауда желілерімен, «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» базарларымен жеңілдетілген несие бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Айналымда 1,2 млрд теңге болған. Ол қаржының көмегімен картоп, пияз, сәбіз, капуста, тағы басқа халыққа аса қажет көкөністердің бағасын тұрақты ұстап отырмыз. Оған қоса қосымша тағы 1,5 млрд теңге бөлінді. Сол арқылы сұйық май, күріш, гречка, тағы басқа азық-түлік түрлері бағаларының қымбаттауына жол берілмейді. Кейбір сауда орындарында кейбір азық түрлерін сатып алған бағаға, яғни өз бағасына сатып жатқанын да айта керу керек», - деп жазды қала басшысы.

Елордадағы әлеуметтік әлсіз топтарға жататын азаматтарды қолдау жұмыстары бойынша да мәлімет берді.

«Азық-түлік пен тұрмысқа қажет заттар тегін жеткізілетін азаматтардың категориялары көбейді. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көмекті I, II, III топқа жататын мүгедек азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балалар мен оларға қарап отырған ата-аналар және АӘК тиесілі азаматтар алады. Мұқтаж азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде яғни, 10 мың теңгеден аса көмекті 41 мың отбасы осы аптада ала бастайды», - дейді ол.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Nur Otan» партиясымен бірлесіп, «Birgemiz» акциясы аясында 6 мың аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеті жеткізілуде. Қазір оны 5,5 мыңнан астам отбасы алған.

Ал, бүгінге дейін 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті елордалық 16 мыңнан астам тұрғын алып үлгерген.

«42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке бүгін 8 сәуір, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 145 мыңнан аса адам өтініш берді. 16,5 мың адам төлемді алды. Өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкіметпен» және Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорымен бірге қарастырып жатырмыз. Көмектің бұл түрін алушылардың саны күн сайын көбейіп келеді. Қалалық штаб демалыссыз күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», - деп мәлімет берді.

Әкімнің хабарлауынша, диспансерлік есепте тұрған жасы үлкен азаматтарға қажетті дәрі-дәрмекті үйлеріне жеткізіп жатыр екен. Сондай-ақ биылдан бастап АӘК алатын отбасыларды қосымша қолдау мақсатында кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылып отыр.

«Биылдан бастап АӘК алатын отбасыларды қосымша қолдау мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Наурыз айында ол 2 700 отбасыға, яғни 4,5 мың балаға берілді. Осы айда да төленеді. Жыл басынан бері 3 400 отбасы АӘК алып келеді», - деді қала басшысы.

Серіктес жаңалықтары