«Тіпті күзетшілік қызметке де қабылдамайтын болған»: Сатыбалдин «регресниктердің» жағдайы жайлы
Ол Үкіметке бірқатар іс-шара ұсынды
Мәжілістің жалпы отырысында Ерболат Сатыбалдин алған жарақатынан жұмысқа жарамсыз болып қалған «регресниктер» мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Тау қопарып, кен қазған кеншілер, байытушылар мен металлургтер ел байлығын еселейміз деп бейнеттеніп жүріп жазатайым жағдайлардан, ауыр еңбектен денсаулығынан айырылып жатады.Мысалы, Ұлытау облысында адал қызмет істеп, денсаулығына байланысты жұмысынан кеткен 3 500-ден аса адам тіркелген.Әрине, мемлекет тарапынан арнайы қолдау бар. Үкімет оларға мүгедектік тағайындап, жәрдемақы беріп отыр», - деді депутат.
Оның айтуынша, қазір еліміз бойынша Президенттің пәрменімен 55 жастан кейінгі арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
«Бұл қомақты қолдауды келер жылы 37 мың ауыр және зиянды жағдайда қызмет ететін жұмысшылар көретін болады. Дегенмен, күрмеулі бір мәселе бар. Ол бүгінде «регресниктер» қатарындағы азаматтарымыздың жағдайы. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысқа жарамсыз болып, тіпті күзетшілік қызметке де қабылдамайтын фактілер кездескен. Азық-түлік бағасының қымбаттауы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің де күрт өсуі жарымжан азаматтардың қалтасына ауыртпашылық салып отыр. Оған қоса, зейнет жасына шыққан регресниктер барлық төлемдерден қағылуда», - деді ол.
Осы ретте депутат Үкіметпен бірлесіп, негізгі шараларды қолға алуға шақырды:
- егер жұмыскер денсаулығынан айырылмаған жағдайда алатын табысының өтемақы сомасына пайыздық қатынасын қайта есептеуге мүмкіндік беретін Азаматтық кодекстегі 938, 944 баптарды қайта пысықтау, әрі енгізуді ұсынамын.
- зейнетке шыққан регресниктердің, арнайы төлемақыларын сақтауды қайта қарастыру керек. Өйткені, зейнетке шығу жағдайын, олардың регресниктер қатарынан шығуы деп қабылдамаған дұрыс.
- регресниктерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен жиілігін ұлғайту қажет деп есептеймін.