Жаңа жылда отшашу атқандар 69 мың теңге айыппұл арқалайды
ІІМ мейрам алдында пиротехника сататын нүктелерді тексере бастады
Жаңа жылда отшашу атқандар 69 мың теңге айыппұл арқалайды. Егер фейерверк атқан ірі бизнес субъектісі болса, айыппұл көлемі – 345 мың теңге. Өйткені бұл түнгі сағат 22:00-ден кейін әлеуметтің тыныштығын бұзу болып саналады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Ал оған дейін көңіл көтергісі келгендер отшашуды үй-жайдан 50 метр қашықтықта тұрып атуы тиіс. Бірақ ағаш маңында қолдануға мүлдем болмайды. Ішкі істер министрілігі мейрам алдында пиротехника сататын нүктелерді тексере бастады. 60 дүкеннің сатуға рұқсаты болмаған. Сертификатталмаған 800 өнім тәркіленді.
«Қауіпсіздік мақсатында пиротехникалық бұйымдарды сату қызмет түріне тиісті лицензиялары бар мамандандырылған дүкендер мен сауда орындарынан сатып алған дұрыс. Ең алдымен сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде оны қолдану жөніндегі нұсқаулығы болуы тиіс. Бұйымның сыртқы қаптамасы дұрыстығына және сақтау мерзімінің міндетті түрде назар аудару қажет. Егер де тауар мерзімі өтіп кетсе, тауарлық түрі жоғалса, онда ол пиротехникалық бұйымды пайдалануға болмайды», - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асылбек Идрисов.