Жеңіс Қасымбек елордадағы оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін қанша мектеп салынатынын айтты
«Жайлы мектеп» бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы оқушы орындарының тапшылығы қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Астанадағы білім беру жүйесі мектептер мен балабақшалардағы оқушы орындарының айтарлықтай тапшылығына тап болды, әсіресе жаңа құрылыс аудандарында. Мәселені шешу үшін биыл 7 мектеп пайдалануға берілді, тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып келеді. 2024 жылы 25 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде жекеменшік - 3, мемлекеттік - 7 және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша – 15», - деді Қасымбек.
Ол «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да көрсеткіштерді айтып берді.
«90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен астам мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Инвесторлардың қаражаты есебінен 16 жеке меншік балабақша салынып жатыр, сондай-ақ, 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Бірінші кезең аясында 2025 жылы жергілікті бюджет және мемлекеттік-жеке әріптестік қаражаты есебінен 10 балабақша салу жоспарлануда», - деді Қасымбек.
Әкім атағандай, 2029 жылға дейін жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдана отырып, 15 заманауи оқушылар сарайын салу жоспарланып отыр.
«Ең алғашқысы Тұран даңғылында орналасқан «Сана» оқушылар сарайы осы жылы пайдалануға берілді. Келесі жылдың бірінші тоқсанында қаланың әр ауданында бес оқушылар сарайының құрылысын бастаймыз», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ