Алматыдағы жеті жасар қыздың өлімі: әкесі қылмысты жасырмақ болғанын мойындады

Azattyq Rýhy

Жеті жасар қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыры соңында миына қан құйылып көз жұмған

Алматыдағы жеті жасар қыздың өлімі: әкесі қылмысты жасырмақ болғанын мойындады
Фото: Polisia.kz

Алматыда жеті жасар өгей қызын асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп күдікке ілінген әйелдің сот отырысы жалғасуда. Бүлдіршіннің әкесі қылмысты жасырмақ болғанын мойындады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy KTK телеарнасына сілтеме жасап.

Айтуынша, бүлдіршін өзі құлады деп тергеушілерге жауап беруге әйелі көндірген. Айыпталушы орындығында да қазір сол өгей шеше отыр. Бүгінгі сотта ерлі-зайыптылар кішкентай Каринаның қазасына бірін бірі айыптады.

«Сол күні сыртта жүргенімде әйелім Балжан телефон шалып «мен оны өлтіріп алған сияқтымын, үйге кел» деді. Келсем, бала ваннада жатыр, киімкешегі еденде. Алғашында тірі, қорылдап жатты. Маңдайы ісіп, денесі көгерген. Балжан маған полицияға «бала ваннада өзі құлап қалды деп айтайық» деді. Мен сасқанымнан солай айттым», - марқұмның әкесі Бәкен Ғалымжанұлы.

«Көкала қойдай болып жатқан» дегенін көрген полицейлер бұл жауапқа сенбеген. Қанды қылмысқа өгей шешесінің қатысы бары да көпке ұзамай әшкереленеді. Айыпталушы Балжан Тұрлыбек 7 жасар қыздың дәретін ескертпестен жіберіп қоятынын көтере алмапты. Дегенмен сотталушының өзі тағылған айыптармен келіспейді. Ол бұған дейін марқұм Каринаны әкесінің өзі талай рет ұрғанын айтқан болатын. Белбеумен сабап, бұрышқа тік тұрғызып қоятын деп отыр. Сондай-ақ келіншек судьядан істің бүге-шүгесіне дейін қарауды сұрады. Айта кетсек, қайғылы оқиға биыл шілдеде болды. Жеті жасар қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыры соңында миына қан құйылып көз жұмған.

«Жалпы сол күні мен ұйқыдан не үшін оянып кеттім. Себебі сен қызыңды өзің сабап жаттың. Қатты шудан ояндым да, саған ұрыса бастадым. «Тиіспеші» дедім. «Каринаны шомылдыр» дедім. Қарасам, ваннада қыз дәретін сындырып қойыпты», - деді айыпталушы Балжан Тұрлыбек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.