«Шприцке дейін өзіміз аламыз»: №1 Алматы ауруханасының қызметкерлері шағымдарын айтты

Azattyq Rýhy

Дәрігерлердің айтуынша, аурухана басшылығы айлықты уақытылы төлемей, зейнетақы және әлеуметтік аударымдарын шектеген

«Шприцке дейін өзіміз аламыз»: №1 Алматы ауруханасының қызметкерлері шағымдарын айтты

Алматының №1 қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері медициналық мекеме басшылығы тарапынан жалақы үнемі кеш төленетініне, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру аударымдар төленбейтініне және демалыс төлемдерінен де шет қалғандарына наразы. Ақ халаттылар шприц, маска сынды қарапайым препараттарды өз есебінен сатып алуға мәжбүр. Өйткені, ауруханада қарапайым құралдар тапшы.

Осы және өзге де сауалдар бүгін AMANAT партиясының жиынында көтерілді. Ақ халаттылар мәселесі Алматының партиялық бақылау комиссиясының отырысында егжей-тегжейлі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселе аталмыш аурухана жеке меншікке өткеннен басталған. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы медициналық мекеме 15 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға өтті.

Ауруханадағы мәселелер қызметкерлер дәрігерлердің құқықтарын қорғаумен айналысатын «Дәрігер» қоғамдық бірлестігіне ұжымдық өтініш жазғаннан кейін белгілі болды. Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қоғамдық ұйымның басшысы медицина қызметкерлерінің қандай мәселемен бетпе-бет келгенін егжей-тегжейлі айтып берді.

«№1 МКБ-да жағдай сұмдық. Жыл бойы барлық қызметкерге жалақы уақтылы төленбеген. Маусым айынан бастап МӘМС, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы аударымдары да сәйкесінше берілмеген. Салдарынан аурухана қызметкерлері медициналық көмек ала алмайды, жоспарлы операцияларға бара алмайды. Декреттік демалысқа қатысты бірдей мәселе де өршіп тұр. Жалақы айтарлықтай сомаға қысқарды. Фактілердің бәрі бар: айлық түскен кездегі түбіртекте оны айғақтйды. Сондай-ақ, тағы бір мәселе – бөлімшенің көбінде ең қажетті дәрі-дәрмек жоқ. Мысалы, тұзды ерітінділер, преднизолон, бірінші қатардағы гормоналды препараттар, магнезиялық терапия, т.б. Бұл адам сенгісіз жағдай. Дәрігерлер өздері 10-15 дана тұзды сатып алатынын айтып, түбіртекті жіберді. Олардың айтуынша, көше бойындағы дәріханаға жүгіріп барып, дәрі-дәрмектерді өздері сатып алып отырған. Аса маңызды препараттарды айтпағанда, қарапайым шприцтердің өзі жетіспейді», - деді «Дәрігер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Әйгерім Сейітова.

Спикердің айтуынша, медициналық қызметкерлер саны екі есеге азайған. Яғни, шамамен 50%-ы жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

«Тиісінше, жалақыны уақтылы төлемеу салдарынан үлкен айналым бар. Ауруханада қалған қызметкерлер демалысқа шыға алмайды, өйткені басшылық оларға қаржыландыру жоқ, еңбек демалысын төлеуге ақша жоқ дейді. Тағы бір мәселе, 2020 жылдан бері жөндеу жұмыстары болған жоқ. Аурухана күрделі өндеуді қажет етеді», - деді Әйгерім Сейітова.

Дәрігерлер шағымы Мәжіліс депутаты Константин Авершинге және Денсаулық сақтау министрлігіне жолданды. Өз кезегінде халық қалаулысы бұл мәселені Парламенттің төменгі палатасындағы отырыста айтты.

«Константин Викторовичтің сөзінен кейін препараттар бөлімшелерге жеткізіле бастады. Ал қабылдау бөлмесіне әлі жеткен жоқ. Сондай-ақ, көп дәрігер жұмыстан босап қаламын ба деп қорқады. Оларға қара тізім бар екендігі айтылды, егер оған кірсе, олар еш жерде жұмысқа тұра алмайтыны туралы сөз бар», – деп атап өтті Әйгерім Сейітова. 

Ал аурухана басшылығы жауапкершіліктен қашып, шаң жуытпайды. Бас дәрігер ауруханаға қаржыландыру жеткіліксіз мөлшерде бөлініп жатыр деп, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын кінәлады.

«Ковидтік жағдайдан кейін ӘМСҚ бөлген қаржыландыру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда (2,5 миллиард теңге) 500 миллион теңге болды. Біздің мемлекетіміз бұрынғы күйінде қалғанына қарамастан, ӘМСҚ тарату жүйесі өткен жылы көрсеткен көлемді береміз деп хабарлады. Ал өткен жылы не болды? Ковид жылы, біз ӘМСҚ-мен жасалған шарт шеңберінде бір тоқсан жұмыс істедік және шамамен 400-500 миллион теңгені игердік. Ал қалған ақша- 2 миллиардтан астам соманы біз ковидті науқастарға көмек көрсету бойынша қосалқы мердігер ретінде жұмыс істедік, бірақ бұл көлем бізге есептелмеді. Нәтижесінде біз 2022 жылы үлкен тапшылықпен шықтық», - деді № 1 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Эрнест Қалиев.

Алайда, Мәжіліс депутаты Константин Авершин мәселенің басты себебі қаржыландыру емес, аурухананы нашар басқару деп санайды.

«Жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, зейнетақы төлемдерін төлемеу, қарапайым құралдардың жетіспеуі, мысалы, қабылдау бөлімінде преднизолонның болмауы – сұмдық жағдай. Бұл аурухана белгілі бір уақытқа дейін қаладағы ең жақсы медициналық мекеме саналды.

Жеке тұлға осы бизнес-жобаны қолға алған соң, ол өзінің барлық тәуекелдерін есептеуі керек еді. Сондықтан, егер басшылық басқара алмаса, аурухананы мемлекетке беру керек деген сұрақ қою өте орынды. Біздің міндетіміз - дәрігерлердің мүддесін қорғау. Біз тиісті тексерулер жүргізілгеннен кейін, партиялық бақылау комитетінен, Денсаулық сақтау министрлігінен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бастап, сондай-ақ осы тексерулердің нәтижелері бойынша Қаржы мониторингі агенттігі не Антикор тексеруін талап етеміз», - деді мәжілісмен.

Бірақ алдымен Алматының партиялық бақылау комиссиясы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жұртшылық пен партиялық бақылау комитетінің өкілдері кіретін тәуелсіз комиссия құрылады.

Ал осы жылдың 27 желтоқсанында дәрігерлердің шағымдары республикалық партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.