ШұғылШымкентте 75 жастағы әйел коронавирустан көз жұмды

Алматыда вирус жұқтырған екі пациенттің жағдайы өте ауыр – әкімдік

Тағы 4 науқастың жағдайы ауыр

Суретте: Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбділдаев

Алматыда коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан 2 пациенттің жағдайы өте ауыр. Олар өкпенің жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер тағы 4 науқастың жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы қаласында коронавирус жұқтырғандардың саны 119-ға жетті. Жұқпалы аурулар стационарларында Covid-19 вирусынан 99 пациент емделіп жатыр. Короновируспен күресіп жатқандардың төртеуі - балалар. Қауіпті індетті жұқтырған Алматыдағы соңғы 3 адам да бұрын коронавирус жұқтырған азаматпен байланыста болғандар.

«Олар - 1975 жылы туған ер адам және 1962, 1964 жылы туған екі әйел. Ер адамның жай-күйі орташа ауыр деп бағалануда, тексеру кезінде пневмония екені белгілі болды. Екі әйелдің жай-күйі қанағаттанарлық. Олармен байланыста болғандардың барлығы карантинге орналастырылған», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбділдаев.

Басқарма басшысының айтуынша, мегаполисте коронавирустан айыққандардың саны – 21 адам. Қазіргі сәтте 80 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. 2 ересек адамның халі өте ауыр, 4 пациенттің жағдайы ауыр, 13 науқастың жай-күйі орташа ауыр.

Провизорлық орталықтарда 318 адам жатса, олардың 35-і балалар. Кеше орталықтардан 203 адам шықты. Оның 44-і балалар. Олардың барлығы 14 күндік карантинде болған. Алматыда 385 азамат оқшауланып, 5 мыңнан астам азамат үй карантинінде жатыр.

«Коронавирспен күресуге алғашқыда Үкіметтен 73 миллион теңге, қала бюджетінен 94,5 миллион теңге бөлінген. Одан кейін Үкімет коронавирус инфекциясымен күресуге қосымша 1 миллиард теңгеден астам ақша бөлді. Ол қаржыға вирустан қорғайтын құрал-жабдықтар, медицина қызметкерлеріне қажетті заттар, дәрі-дәрмек сатып алынды. Жеткізуші компанияларға тағы да тапсырыс берілді», - деді басқарма басшысы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Сұхбат