Жаңа жылдан кейін такси бағасы тағы 40 пайызға өсуі мүмкін

Azattyq Rýhy

Такси жүргізушілері мемлекет субсидиялауды тоқтатса тарифтің қымбаттайтынын мәлімдеді

Жаңа жылдан кейін такси бағасы тағы 40 пайызға өсуі мүмкін
Фото: Pixabay.com

Жаңа жылдан кейін такси бағасы тағы 40 пайызға өсуі мүмкін. Такси жүргізушілері мемлекет субсидиялауды тоқтатса, көлікті жалға алу ақысы артып, тарифтің қымбаттайтынын мәлімдеп отыр. Өйткені министрлік таксомотор компанияларға көлікті лизингке сатып алуға арналған субсидияларды тоқтатуды жоспарлап отыр екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Қазіргі таңда жалға алған көліктерге 12 мың теңге төленсе, ертеңгі күні мемлекет тарапынан субсидия алынатын болса, 18 мың теңгеге көтерілмек. Бұл дегеніміз қарапайым таксистердің қалталарына ауыртпалық түсіруде. 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл күшіне енуі мүмкін. Сондықтан да бұл субсидияны алмаса екен», - дейді такси жүргізушісі Нұрлан Ержан.

Жалпы мемлекеттік субсидиялау аясында автопарктер 2021-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып келген. Олар Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді субсидияланған пайыздық мөлшерлемемен сатып алып, такси жүргізушілеріне жалға беріп отырған. Ертеңіне алаңдаушылық білдірген такси жүргізушілері мемлекет тарапынан субсидиялау тоқтатылса, күнкөрістің қиындайтынын айтады. Тапқан табыстарының жартысына жуығы жалға алу, жанар-жағармайға кетеді деп жыларман күйде. Ал айлық табыстары шамамен 210 мың теңгені құрайды.

 «Мемлекеттік бағдарламаны алып тастайтын болса, күніне 7000 теңге емес, 5000 теңге немесе одан да аз ақша табатын боламыз. Күн-түнге қарамастан жұмыс істесек те, отбасымызды асырай алмай қаламыз. Сондықтан билік өкілдерінен бұл мәселені қайта қарауды талап етеміз», - деді Жүргізушілер кәсіподағының атқарушы директоры Нұркен Тәжібай.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.