Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстардағы «Кітап-AMANAT» орталықтарында іс-шара өтті
Шара қатысушылары Тәуелсіздік жылдарының қалай басталғандығын, өткен жылдардағы тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға тоқталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыста ашылған «Кітап-AMANAT» орталығына Абайдың қара сөздерін, Сейдахмет Құттықадам және Тайыр Мансұровтың кітаптарын сыйға тартты. Шара барысында облыс әкімі «Кітап-AMANAT» жобасы азаматтардың отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталғанын және орталық қорында әртүрлі авторлардың 600-ден аса жаңа кітабы барын айтты.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Кітап-AMANAT» кітап орталығында да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тарихына арналған тарихшылардың, саясаттанушылардың қатысуымен іс-шара өтті.
«Тәуелсіздік біздің бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған ұлы армандары. Біз еліміздің егемендігін қорғауға және дамуы үшін аянбай қызмет етуге міндеттіміз деп ойлаймын, ˗ деді «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова.
Шара қатысушылары Тәуелсіздік жылдарының қалай басталғандығын, өткен жылдардағы тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға тоқталды.
Авторы: Еркежан АЙТҚАЗЫ