$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.12.2023, 15:22
Қоғам

Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш қабылдау аяқталды

1340-қа жуық адамнан өтінім келіп түскен

Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш қабылдау аяқталды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 380-нен астам адамға шағын несие берілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев мәлімдеді.

«Бас-аяғы 1337 өтінім келіп түсті. Оның жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 381 адам 2,7 млрд теңге сомасына шағын несие алды. Ең көп өтінім Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Балқаш аудандарының тұрғындарынан келіп түсті», – деді Қуат Байғоджаев.

Олардың басым бөлігі мал шараушылығымен айналысып отыр. Жалпақ жұрттың жағдайын көтеруге бағытталған жобаға қатысуға тілек білдіргендер аз болған жоқ. Сонын бірі Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Билал Ахметов.

«Металл прокатын ұйымдастыру бойынша бизнес-жоспарды қорғап, 2,5 пайызбен шағын несие алдым. Керек жабдықтарды сатып алып, өз үйімнің ауласында шифер шығаратын цех салдым. Өндіріс технологиясы өте қарапайым, желіге металл парақты салады да, ол механизм арқылы өтеді. Шығу кезінде дайын металл шифер алынады. Қазір мен жақын маңдағы 8 ауылды металл шифермен қамтамасыз етемін», – деді Билал Ахметов.

Оның айтуынша, өнім үйлердің шатырын немесе сарайларды, мал қораларын қаптау үшін қолданылады.

«Бұрын адамдар қытай тауарларын сатып алатын. Енді ауданда менің отандық тауарларым пайда болды. Сапасы жағынан басқа шиферлардан кем түспейді, бірақ бағасы екі есе арзан. Импортталған тауардың метрі 4 мың теңге, ал менікі – 2 мың теңге. Жалпы, оларды жақсы сатып алып жатыр. Енді бұл менің негізгі жұмысым», – деді ол.

Айта кетейік, азаматтардан түскен өтінімдердегі жалпы соманың облысқа берілген қаражаттан асып кетуіне байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау тоқтатылды.

Серіктес жаңалықтары