«Тырс еткен хабар жоқ»: депутат Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын сынға алды
Ермұрат Бәпи комитеттің екі айда ештеңе істемегенін айыптады
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Мәжілістің жалпы отырысында Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын сынға алып, есеп беруін талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сайланғанына осы қарашада бір жыл болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 7 жылдық құзіреті аясында атқарылуы тиіс программалық міндеті ретінде әлеуметтік әділеттілік орнату басты бір бағдарламалық бағыты болатынын алғашқы жолдауында жария еткені мәлім. Ал бұл президенттік парызды орындау – заңсыз жылыстатылған активтерді елге қайтаруға тікелей байланысты екенін де мемлекет басшысы өз аузымен айтты. Міне, осы аса ауқымды міндетті орындау үшін президент өз жарлығымен уәкілетті орган – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрығанына кеше – 5 желтоқсанда екі ай болды. Сол екі айдың ішінде бұл Комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен қазақстандық қоғам мақұрым», - деді Бәпи.
Ермұрат Бәпидің сөзінше, активтерді қайтару жөнінде заң қабылдаған депутаттар Асылов пен Сүйіндіков мырзалардан көптеген сұрақтардың жауабын білгісі келеді.
«Ел президенті белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында Комитет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде Комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Еске салайын, президент алғашында Комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юридикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкер жұмыс істейді? Осы өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Соңғы бір ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жайларыңыз бар сияқты. Сіздер қоғам алдында Комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беретін уақыт болған жоқ па?», - деді Бәпи.
Ол ұрланған активтердің елге қайтарылуын бағып, қазынаға қанша қаржы түсерін сарыла күтіп, комитеттің іс-әрекеттерін аңдып отырған қоғам бар екенін ескертті.
«Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем – ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді. Ал енді Бас прокуратура мен оның Комитеті жым-жырт жатқан кезде, «ескі Қазақстанның» клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасауда. Осы орайда менің қолыма жеткен инсайдерлік ақпаратты (көрсету) депутаттар алдында жария етіп, «ескі Қазақстанға» қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымгер азаматтарға ескерту жасағым келеді», - деді депутат.
Ермұрат Бәпи шетелде жасырылған 300 млн доллардың қайда екенін сұрады.
«Ал Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберемін. «СК Петролиум» серіктестігінен келіп түскен «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» концорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайтын боласыздар», - деді депутат.