Қаны ұйып, қолы күйіп қалған: Ақтаулық тұрғын медицина қызметкерлеріне шағымданды

Azattyq Rýhy

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді

Қаны ұйып, қолы күйіп қалған: Ақтаулық тұрғын медицина қызметкерлеріне шағымданды
фото: ашық дереккөзден

Ақтауда екі жасар қыздың туыстары облыстық балалар ауруханасының медицина қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Ауруханаға жүрек ауруымен түскен 2 жасар қызға катетер арқылы инъекция қойған. Инъекция курсы аяқталғаннан кейін бір күн өтсе де дәрігерлер катетерді алмаған.

«Осы 4 күннің ішінде ол қолындағы катетермен жатты. Катетерді 3 күннен кейін алып тастау керек еді. Сіңілім ауырғаннан жылаған. Анам бірнеше рет катетерді алып тастауды сұраған. Бірақ дәрігерлер де, медбикелер де құлақ аспаған. Кеше түнде сіңілім қатты жылай бастаған соң анам медбикелерден катетерді алып тастауды өтінген. Катетерді алған кезде медбикелердің өздері де шошып кетті. Өйткені сіңілімнің катетер тұрған қолында қан ұйып, тесік пайда болып, қолы күйіп қалған. 4 күн бойы сіңілім осындай азапқа шыдаған. 2 жасар кішкентай қыз онсыз да дәрігер мен медбикелердің немқұрайлығынан өздігінен тыныс алмайды. Кінәлілерді жазалауды және осы әрекеті үшін жауап беруді сұраймыз», - деп жазды зардап шеккен қыздың туысы.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы науқастың шағымдарына жауап берді.

«Бұл жағдайдан аурухана басшылығы мен медицина қызметкерлері хабардар. Баланың туа біткен жүрек ақауына байланысты қан айналым жүйесінде өзгеріс болған соң және организмде оттегі жетіспеушілігі салдарынан перифериялық қан тамырларда қоректену бұзылысы байқалады. Сондықтан перифериялық қан тамырға қойылатын катетер әр науқас баланың организміне әр түрлі әсер етеді, кейде тері, тері асты қабатында жергілікті қабыну реакциясын тудырады. Алайда бұл жағдайда ешқандай да флебит, операциялық араласуды талап ететін жұмсақ тіндердің қабыну процесі (флегмона, абсцесс) жоқ. Дәрігерлер қарап, хирург - дәрігер кеңес берді. Анасына түсіндіру жұмысы жүргізілді», - делінген хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сөзінше, науқас жүрегіндегі туа біткен ауруына байланысты есепке алынды. Санавиация ұйымдастырылып, Республикалық орталық деңгейінде операциялық емге жолдама берілген, бірақ ата-анасы заңды түрде бас тартқан. 30 қараша күні бала республикалық орталықтан келген кардиолог және кардиохирург мамандарына көрсетілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.