Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді – министр
Ауырып жатқандардың 83%-ы екпе алмаған балалар

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте эпидемиологиялық жағдай жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы жылдың 10 айында 21 инфекциялық ауру, оның ішінде: оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, сүзек аурулары, құтыру, лейшманиоз, туляремия аурулары тіркелген жоқ. Былтырғы жылмен салыстырғанда 39 инфекциялық ауру бойынша сырқаттанушылық төмендеді. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 1 млн 370 мың жағдайы тіркелді, оның ішінде ЖРВИ-мен ауырғандардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 8%-ға төмен. Алдыңғы жылдардағыдай А(H3N2) тұмауының және В тұмауының айналымы байқалады, былтырға қарағанда 8,1 %-ға төмен.Тұмауға қарсы вакцинациялау компаниясы аяқталды, 2 млн 400 мың адам егілді, бұл жалпы халықтың 12,1%-ын құрайды», - деді Ажар Ғиният.
Ол атағандай, коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
«Жыл басынан бастап сырқаттанушылықтың 2,6 есе төмендеуі байқалады. 10 айда 11 734 адам ауырды, 1310 адам вакцинация алды. Бүгінгі таңда 2 пациент стационарлық емделуде. Республика бойынша А вирустық гепатитімен, көкжөтелмен және қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі байқалды. Республика бойынша көкжөтелдің 300-ге жуық жағдайы тіркелді. Аурудың 87%-ы егуден бас тартуға байланысты егілмеген балалар арасында тіркелген. Бүгінгі таңда қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның ішінде – 83%-ы екпе алмаған балалар. Бұл ретте, балалардың 60%-ы бас тартуға байланысты, қалған балалар егу жасына жетпеуіне байланысты және медициналық көрсетілімдер бойынша вакцинация алмаған. Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді», - деді министр.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ