Түркістандағы «шәйнек» субұрқақты айна-қатесіз қытайлардан көшіріп алған – суретші

Автор: Azattyq Rýhy

Бейбіт Бертаев есімді суретші Түркістандағы су жаңа субұрқақты плагиат деп есептейді

Фото: ашық дереккөзден

Кешеден бері Түркістан қаласында жаңадан ашылған «шәйнек» субұрқақ көпшіліктің талқысына түсіп жатыр. Субұрқақтың ерекшелігі - әуеде қисайып тұрған шәйнектен кесеге шай құйылып жатыр. Бір қарағанда, шәйнекті тіреп тұрған ештеңе байқалмайды, аспанда ешбір тірексіз қалықтап тұрған сияқты. Ұлттық оюмен өрнектелген шəйнектен кесеге құйылған шайдың көрінісін жергілікті тұрғындар қызық көріп, оны әлеуметтік желілерде жарыса бөлісіп жатыр.

Алайда, Бейбіт Бертаев есімді суретші facebook желісінде Түркістандағы су жаңа субұрқақтың авторы жобаны Шығыс Азия елдерінен ұрлағанын жазып, айыптап отыр.

«Қаншама қаражатқа көшірме жасауға шебер болдыңдар. Тұп-тура көшірме жасамай, ең болмаса жобасын, композициясын өзгертсеңдер қайтеді?! Отандық композициялық дүние қашан жасайсыңдар! Ақша барда идея жоқ, идея барда ақша жоқ! Қарап тұрып қарның ашады», - деп жазады ол.

«Егер әжептеуір дүние жасайтын болса, халыққа көрсетіп жасайтын еді. Олар көшірме жасап жатқаннан кейін бәрін жабық өткізген. Авторы кім екенін де білмейміз, айтпайды да. Мұндай субұрқақ шамамен 4 жыл бұрын Қытайда жасалған. Ол видео интернет желілері арқылы әлемге тарап та кеткен. Алғашында оны 50 см биіктікте кішкентай етіп жасаған. Кейін қытайлықтар өздерінің жасыл шайын насихаттаймыз деп үлкейтіп жасады. Сосын бұл Жапонияда да салынды. Тура көшіре салмай, аздап композициясын өзгертуге де болатын еді. Мәселен, шәйнектің орнына құман қойып, жанында бала дәрет алу үшін қолын жуып жатқандай…. Басқаша жасау керек еді. Тура көшірмегенде несі қалды? Тек қытайша жазудың орнына қазақша оюларын қойған», - дейді ол.

Бейбіт Бертаевтың бұл сөзінен кейін, интернеттен Түркістандағы субұрқақ үлгісіне ұқсас дүниелерді ақтарып көрдік. Дәл сондай субұрқақ Қытайдың Сычуань қаласындағы жанармай бекеті мен кафе маңында тұр екен.

Осы мәселе бойынша Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар субұрқақтың мыстан жасалғанын, оның құрылысына 15 адам жұмылдырылғанын айтады.

«Түркістан қаласын абаттандыру мақсатында қазір көпшілікке қолайлы демалыс аймақтары көптеп салынуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жыл басында қала аумағында 10-нан астам аллеялар мен саябақтар салу жоспарланып, бүгінде олардың бірқатарының құрылысы бітуге жақын.  Қаладағы басты алаң Есімхан алаңын саябаққа, көпшілік демалатын орынға айналдырып жатыр. Маңайындағы гүлзарлардың ортасынан қазақы нақышта бейнеленген шәйнек субұрқағы орнатылды. Бұл жоба қала əкімі Рашид Аюповтың бастамасымен іске асып отыр. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен ерекше субұрқақ дəстүрге сай, заманауи үлгіде бой көтерді. Мыстан жасалған жаңа фонтанның биіктігі 6 метр, ал ені 7 метрді құрайды. Субұрқақты жасауға 15 жұмысшы қызмет етті. Әлі де толықтыруды қажет етеді, субұрқақ әзірге сынақ ретінде іске қосылды. Жақын арада толықтай аяқталып, түнгі уақытта түрлі түске еніп, кешкі қаланың ажарын айшықтай түспек», - деп мәлімдеді әкімдіктің ресми өкілі.

Ал, субұрқақтың құрылысы толықтай қашан аяқталатыны, оған жұмсалған қаржы көлемі жайында айтқан жоқ.

Арай Есенбек, Түркістан облысы