$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2019, 19:45
Қоғам

Алматыда есірткі қабылдап, жолаушы тасыған автобус жүргізушісі ұсталды

Есірткі қабылдаған 43 жастағы азамат көлік жүргізуден шеттетіліп, үстінен әкімшілік іс қозғалды

Алматыда есірткі қабылдап, жолаушы тасыған автобус жүргізушісі ұсталды
Фото: informburo.kz

Алматы қаласы Полиция департаменті №103 бағытта қатынайтын жаңа автобустың жүргізушісі есірткі затын қолданып, қоғамдық көлікпен жолаушылар тасығанын айтты. Патрульдік полиция қызметкерлері «Шаңырақ» ықшам ауданында есірткімен ұсталған Түркістан облысының тумасы Сарыбаев Спандияр Әлсейітұлын сол мезетте наркологиялық диспансер орталығына жеткізген.

«Полицейлер құжатын тексергенде жүргізуші қобалжып, алаңдап тұрған. Осылайша күдікке ілініп, бірден орталыққа жеткізілген. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша 1976 жылы туған азамат каннабиноид қолданып, мас күйде болған. Бұл фактіні жүргізушінің өзі де жоққа шығармаған. Тіпті, бірнеше күн бұрын марихуана шеккенін де мойындаған. Осы ретте автопарк әкімшілігі мас адамға жолаушыларды тасуға қалай рұқсат берген деген заңды сұрақ туындайды? Өйткені, бұл жүздеген жолаушылар үшін де, көшедегі басқа адамдар үшін де қауіпті», - дейді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Аманбек.

Қазіргі сәтте есірткі қабылдаған 43 жастағы азамат көлік жүргізуден шеттетіліп, үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608 бабының 1 бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Ал, «Алматыэлектротранс» ЖШС-на тиесілі автобус арнайы айып тұрағына қойылған. 418YV02 мемлекеттік тіркеу нөміріндегі қоғамдық көлікті масаң күйде жүргізген сәтте автобус салонында 20 жолаушы болған. Қоғамға қауіп тудырған азаматқа қатысты құжаттар ертең Алматы қаласы  мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілмек.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары