$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жастар ақша жинап, бағдарламалармен ипотека алуға тырысуы керек – Шарлапаев

Министр бағдарламалардың жеткілікті екенін айтты

Жастар ақша жинап, бағдарламалармен ипотека алуға тырысуы керек – Шарлапаев
Фото ашық дереккөзден

Мәжілісте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутат Дәулет Мұқаев көтерген мәселеге жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мәжіліс депутаты жастардың тұрып жатқан жалдамалы пәтерін ипотекалық бағдарламаға ауыстыруды ұсынған болатын. Өнеркәсіп және құрылыс министрі депутаттың сұрағына жауап берді.

«Біріншіден, бұл – жастарға арналған бағдарлама. Яғни, осы мерзім ішінде азаматтар аяққа тұрып, баспананы ипотекаға не болмаса басқа да тәсілмен алудың жолын табуы қажет. Бұл жағдайда мемлекеттің ұстанымы берік болуы керек. Егер осы пәтерлерде тұратын жас, сау жастарды мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен, жетім балалармен салыстыратын болсақ, мен мемлекет басымдықты жұмыс істеп, ақша таба алатындарға емес, әлеуметтік осал топқа беруі керек деп есептеймін. Егер бағдарламада заң бойынша жасына байланысты шектеу болса, онда бұл адамдар өзін-өзі баспанамен қамтамасыз етуі керек. Өйткені мемлекет басымдықты жағдайы нашар жағдайдағы азаматтарға беруі қажет», - деді Қанат Шарлапаев Мәжілісте.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев министрге балама бағдарлама керек екенін қайталап айтты.

«Қазір «Отбасы банкке» барса, 50%-ын жинауы керек. Басқа бағдарлама жоқ. «7-20-25» бағдарламасының лимитін көріп отырсыздар. Банктерде 100 млрд теңге ары кетсе 30 секундта бітіп қалып жатыр. Жарайды, 120 мың теңге демей-ақ қояйын, 200 мың теңге айлықпен жастарымыз үйдің 50%-ын жинай ала ма? Қаншама әйелдер бала тауып, декретте отыр. (Ақша жинау – ред.) әсіресе Астана, Алматы және Шымкентте мүмкін емес. Тіпті азық-түліктің өзіне ақшамыздың 50-55%-ын жұмсап отырмыз», - деп айтып, Мұқаев жастарға балама бағдарлама берілуі керек екенін көтерді.

Тақырыпқа орай: Бейсенбаев жемқорлардың қаржысына баспана салуды ұсынды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттың сұрағына былай жауап берді.

«Түсініп, шатаспауымыз үшін айта кетейін. Егер сіздің деніңіз сау және жұмыс істеуге қабілетті болсаңыз, онда сіз баспана алуыңыз үшін ақша жинауыңыз керек. Әркімде әртүрлі жағдай екенін түсінемін. Егер мемлекет мүмкіндігі шектеулі балалар мен жұмыс істеп, ақша табуға қабілетті жастарды басымдыққа қойса, онда мен мүмкіндігі шектеулі балаларды таңдаймын. Бұл біз қолдау көрсететін санат деп есептеймін. Сіз тағы бөлек бағдарлама құру туралы айтып отырсыз. Бірақ қазірдің өзінде жеткілікті бағдарлама бар. Жалғыз жауабы – қаржылай сауатты болып, ақша жинап, қазір бар бағдарламалармен ипотека алуға тырысу керек», - деп жауап берді министр Мәжілісте.

Серіктес жаңалықтары