«Заңмен қатаң шектеу керек»: депутат лотерея терминалдары өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктіріп жатқанын айтты
Елнұр Бейсенбаев оларды қадағалайтын мемлекеттік орган жоқ екенін айтты
Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының жетиекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазіргі таңда елімізде лудомания, яғни ойынқұмарлықтың өршіп бара жатқаны жасырын емес. Ол – қоғамның үлкен дертіне айналып отыр. Тіпті бұған Мемлекет басшысының өзі назар аударып, оған шектеу қою туралы нақты тапсырма беруге мәжбүр болды. «AMANAT» партиясының Мәжілістегі Фракциясы депутаттары да бұл мәселені тұрақты көтеріп, заң жобасын даярлады. Жуырда біраз мәселені пысықтаймыз. Дегенмен, азаматтарымыздың ойын құмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы алғышарт қалыптастырып отыр. Мысалы, елімізде «LOTOMatic», «LOTOclub» сияқты атаулармен жұмыс жасайтын «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір адамдар», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, лотоклубтың мәселесін заңмен қатаң шектейтініміз анық.
«Өйткені бұл да казиноның, құмар ойынның бір түрі. Ал, жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек қана ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс жасап жатқан тажалойын жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді. Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіре берісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лоторея сататын автомат емес, ол – нақты онлайн бизнестің қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бір мезетте алатын ойын автоматтары. Оған қоса, аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық. Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп, өз тағдырын қиратқан жас балаларымыз отбасыларын да сан соқтырып жатыр емес пе?! Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстардың туындау көзіне де айналып отыр», - деді ол.
Депутат атағандай, ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасу, көлеңкелі бизнес және тағы басқаларының да түпкі себебі осында жатыр.
«Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді. Ең қызығы, осы ойын автоматтары мен оларға қажетті жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шет елдерден тасымалданады. Және бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолдармен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Яки олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс әрекетіне жатады. Сондықтан оларды импорттауға тыйым салу мәселесін жіті қарастыру қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шет елдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салу мүмкіндігін қарауды ұсынамын», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ