$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.04.2020, 18:36
Қоғам

Бауыржан Байбек: «Birgemiz» қоры есебінен 150 мыңнан астам азаматқа ақшалай көмек беріледі

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы 2 мыңнан астам дәрігерге 50 мың теңгеден беріледі

Бауыржан Байбек: «Birgemiz» қоры есебінен 150 мыңнан астам азаматқа ақшалай көмек беріледі

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пандемия кезіндегі күрделі жағдайда ең алдымен қарапайым азаматтарға көмек берілу керек екенін айтты. Бұл туралы жазбасын ол facebook желісінде жариялады.

«Пандемия салдарынан туындаған ауқымды дағдарыс жағдайында ең алдымен, қарапайым азаматтар көмекке мұқтаж. БҰҰ ұсынымына сәйкес, бүгінде халық «қоғамның ең қорғансыз мүшелеріне» нақты қолдау көрсетуге жұмылғаны жөн. Бір жағынан, бұл дағдарысты еңсеруге көмек берсе, екіншіден, құлдырап бара жатқан ішкі сұраныс пен ұлттық экономикаға қолдау болады», - деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры нақты мұқтаж адамдарға бағытталғанын тағы да еске салды. Қор есебінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы 2 мыңнан астам дәрігерге 50 мың теңгеден ақшалай көмек беріледі.

«Қор 150 мыңнан астам азаматқа 50 мың теңге мөлшерінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Олар – біріншіден карантин жағдайында қиындықты көбірек сезініп жатқан ірі 23 қала тұрғындары. Әкімдіктер мен әлеуметтік қорғау органдары ұсынған көмек алушылар тізімінде табыс деңгейі ең төмен әлеуметтік әлсіз топтардан құралған азаматтар қамтылған. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы 2 мыңнан астам дәрігер 50 мың теңгеден алады. Індет жұқтырғандардың 70%-ға жуығы осы қалаларда шоғырланған. Осындай күрделі жағдайда шыбын жанын шүберекке түйіп, вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне атаулы көмек берудің маңызы зор», - деп жазды.

Партия төрағасының бірінші орынбасары осындай қиын сәтте қолдау көрсеткен еліміздегі кәсіпкер-меценаттарға алғыс білдірді.

«Қазір кім-кімге де оңай емес. Бизнес қаншалықты ауқымды болса, оның проблемасы да соншалықты үлкен. Жұмыс орындарын сақтау, өндіріс процесін тоқтатпау, салық төлеу секілді сансыз міндеттері бар. Соған қарамастан, олардың көпшілігі Елбасы үндеуіне қолдау білдіріп, азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Бұл үшін оларға тағы да алғыс айтамын! Бұл көмек – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды қолдау шараларына қосымша көмек. Коронавирус қатерін дер кезінде жете бағамдай алмаған бірқатар елдермен салыстырғанда, Қазақстан вирустың тежеусіз таралуына жол бермей, дер кезінде шектеу шараларын қабылдады», - деді ол.

Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы ұсынған қолдау шараларына тоқталды.

«Президент ұсынған қолдау шаралары – ТМД елдері арасында ең көлемді, жүйелі және ресурспен қамтамасыз етілген дағдарысқа қарсы жоспар. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен және Ұлттық қордан 5,9 трлн теңге бөлінді. Бұл ең алдымен, қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы уақытылы және толық көлемде төленетін болады. Қазіргідей жағдайда мұның өзі оңай шаруа емес. Қазақстан – қазіргі кезеңде өңірдегі елдер ішінде экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпорындар үшін 6 айға салықты және еңбекақы қорынан төленетін басқа да төлемдерді алып тастаған бірден-бір ел», - деп жазды Б. Байбек.

Партия төрағасының бірінші орынбасары елде енгізілген төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылған азаматтарға қолдау болатынын айтты.

«Мемлекеттен көмек алатындар тізіміне өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен бұрын бейресми табыс табушы тұлғаларды қосқанда, 3 миллиондай азаматты қамтуға мүмкіндік бар. Шын мәнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеніміз осы. Осындай күрделі кезеңде мемлекетіміз өзінің толысқандығын көрсетіп отыр. Мемлекеттік институттар орнықтылығын танытты. Кезінде Елбасы қалыптастырған мықты мемлекетті қамтамасыз ететін билік вертикалі мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беруде. Үкіметтің дағдарысты еңсеруде басқарушылық тәжірибесі жеткілікті», - дейді Б. Байбек.

Бауыржан Байбек осындай күрделі кезеңде халықты ауызбіршілікке шақырды.

«Жұртшылық осынау коронавирус әсерінен болған дағдарыстың жалпы әлем экономикасы үшін ауыр болатынына көз жеткізді. Осыған орай, экономикамызды қалпына келтіру қазақстандықтардан барынша ауызбіршілікті, жауапкершілік пен күн сайынғы табанды еңбекті талап етпек. Біз бүгінгі қиындықтар мен сынақтарды осылай ғана еңсереміз», - деді ол жазбасында.

Серіктес жаңалықтары