Ішкі істер министрі Талдықорғанда қыз зорлаған полицей үшін кешірім сұрай ма?
Қожаев кешірімді кінәлі адамның сұрағаны дұрыс екенін жеткізді
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтан Сенаттың жалпы отырысында журналистер «Ішкі істер министрлігі Талдықорғандағы полицейдің зорлық әрекетіне байланысты кешірім сұрай ма?» деген сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Министрдің кінәсі қандай халықтың арасында? Кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылып жатыр. Бәріміз заңның алдында бірдейміз. Зорланған қыздан... Оны (қылмысты) істеген адам кінәсін мойындап, сұраса...», - деді Марат Қожаев.
Сондай-ақ, журналистер Қожаевтаен «Полиция қызметкерлерінің арасында осындай жағдайдың қайталанбауына кім кепілдік береді? Мұны сіздер қалай тексересіздер? Ашылмай жатқан қыз зорлау деректері бар шығар?» деген сауалды қойды.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев адамның басына кіретін технология жоқ екенін айтып, қылмыс жасап, кез келген адам жауапқа тартыла алатынын айтты.
«Мен жаңа ғана айттым. Адамның басына кіріп, жүрегінен шығатын технология жоқ. Кейбір кезде сіздердің араларыңыздағы журналистер де қылмыс жасайды. Жауапқа тартылып жатқанын естіп жатқан шығарсыздар», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ