Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанған кім
Бүгін Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалды. Оның ішінде Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны да есепке алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мамандар бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететінін айтады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.
«Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар», - делінген бюро хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті.
Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.
«Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді, 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін болды», - дейді мамандар.
Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды.
Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі саналатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы құрады.
«Орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде – 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады», - дейді сарапшылар.
Бұған дейін Қазақстанда 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келгені белгілі болған еді. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Еске салайық, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 миллион адам болған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3 пайызға өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7 прайызға өскен.