Қарағандыда сібір жарасын жұқтырғандардың жағдайы қандай екені айтылды
62 жастағы науқас реанимациядан арнайы боксқа ауыстырылды
Қарағандыдағы күйдіргіге шалдыққан 62 жастағы науқастың жағдайы біршама жақсарғандықтан, жансақтау бөлімінен нейробокс бөліміне ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Еkaraganda басылымына сілтеме жасап.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы сібір жарасының жергілікті жағдайы тіркелген Топар ауылының екі тұрғыны қазір облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығында емделіп жатқанын атап өтті.
«62 жастағы науқастың жағдайы жақсарды. Ол реанимациядан боксқа ауыстырылды. Тағы бір 41 жастағы науқас та арнайы бөлмеде. Екі науқастың да жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр», - делінген хабарламада.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елдегі сібір жарасының таралуына қатысты статистиканы хабарлады. Биыл 38 жағдай: Жамбыл облысында – 19, Ақмола облысында – 15, Қарағанды облысында – үш, Астанада бір симптомсыз ауру жағдайы тіркелді.
Еске салайық, бұған дейін Топар ауылында күйдіргі ауруы тіркелген болатын. Бір отбасының мүшелері ауырып, кейіннен біреуі 27 қазанда таңертең қайтыс болды. Екі науқас емделіп жатыр.