БҚО-да биылғы 9 айда экономиканың негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткен

Azattyq Rýhy

Есепті кезеңде облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн.теңгені құрап отыр

БҚО-да биылғы 9 айда экономиканың негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткен

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

                            АУЫЛ – ЕҢБЕК ПЕН БЕРЕКЕ ОШАҒЫ

Әкімнің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың 9 айында облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткен, өңдеу өнеркәсібі – 20,5 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 42 пайызға, тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5 пайызға, негізгі капиталға инвестициялар – 23 пайызға, ішкі сауда көлемі – 19,2 пайызға, көлік қызметтерінің көлемі – 8,3 пайызға артқан.

«Мемлекет басшысының қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Сондықтан, облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алуымыз қажет. Есепті кезеңде облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн.теңгені құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі, 218 млрд.теңгені құрады. Өсім металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, жиһаз, сусындар өндірісі салаларында байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23 пайызға артып, 429 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде, жеке инвестициялардың үлесі 348 млрд. теңгеге жетті. Бұл жақсы көрсеткіш. Сонымен бірге отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2023 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары бойынша 38 млрд.теңгеге 35 шарт жасалды. Өңір экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн.  теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда», – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.

Соның ішінде биыл 37 млрд. теңгеге 45 жобаны іске қосу жоспарланған, күні бүгінге 26 млрд. теңгеге 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрумен 31 жоба іске қосылып, жылдың аяғына дейін 11 млрд.теңгеге 14 жоба іске қосылатын болады. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен де өңірде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар жобалар қолға алынуда. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнес тұрақты дами бастады. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 1 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Осы салаға биыл 21,6 млрд. теңге бөлініп, 3 мыңнан астам жобаларға қолдау көрсетілуде.

Президент Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға баса назар аударды. Ауыл-аймақтарды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін атап өтті.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджеттен 6,4 млрд. теңге кредиттік қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 714 өтініш бойынша 4,9 млрд. теңге несие берілді. Аталған қаражатты жыл соңына дейін толықтай игеретін боламыз», – деді облыс басшысы.

Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы – 617 мың га құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны толықтай аяқталып, облыс бойынша 302 мың тонна астық жиналған. Майлы дақылдардан 78 мың тонна өнім алынса, 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды. Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс жасап тұр.

Әкім облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынып, қажеттілік толық жабылатынын жеткізді. 2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салуды жоспарланып отыр.

Биыл ауылшаруашылық саласын қолдауға 30 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 3 мың агроқұрылымға 12 млрд. теңге субсидия төленген және 20 млрд. теңгеге жуық кредит берілген. Агроөнеркәсіп кешенінде 2023-2026 жылдарға 89 млрд. теңгеге 40 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 6 млрд. теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Жыл сайын өңірімізде мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің тұрақты өсуі байқалады. Жыл басынан бері ауылшаруашылық жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 228 млрд. теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда, облыста 270 ауылшаруашылық кооперативтері жұмыс жасайды. Соның ішінде, биылдың өзінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан 44 кооператив құрылды.

«Ағымдағы жылы 400 бастан жоғары сүтті тауарлы фермаларын салуға 6 млрд.теңге бөлінген. Бағдарлама аясында 11 мың тонна сүт өндіретін 4 сүт-тауарлы фермаға қолдау көрсетіліп, іске қосу арқылы сүт және сүт өнімдерімен қамтуды 32 пайызға арттыруды көздеп отырмыз», – деді Нариман Төреғалиұлы.

Президент жолдауда су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп саланың дамуына жаңа серпін берді.

Өңірімізде осы бағытта ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру бағытында ұзындығы 185 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бүгінде ұзындығы 66 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар, ұзындығы 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары жүргізілудежәне ұзындығы 76 шақырымды құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жобалық құжаттамалары әзірленуде.

Аталған жобалар, Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, көршілес елден сатып алынатын  Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін 178 шақырым Киров-Шежін суару суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы IV кезеңі аяқталды.

Осы жүйе аясында сыйымдылығы 63 млн. текше метр Киров су қоймасы қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, сыйымдылығы 28 млн. текше метр болатын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарлануда. Осы шаралардың нәтижесінде қосымша суармалы жерлерді қолданысқа енгізіп, мал азығын көбейтуге мүмкіндік пайда болады.

                                     КҮРЕ ЖОЛДЫҢ КҮРМЕУІ ШЕШІЛЕДІ

Облыс әкімі Н.Төреғалиев жур­­на­­листердің Ба­тыс­ Қазақстан облы­сын­­дағы түйткілді жағ­дайлар бо­йын­­ша қойылған сауалдарына да жан-жақты жауап берді. Соның бірі – жол мәселесі.

«Президент еліміздің стратегиялық маңызы бар міндеттерінің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға баса назар аударып, 2029 жылға дейін 4 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізуге тапсырма берді. Президент тапсырмасы аясында ағымдағы жылы 81,5 млрд. теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде», – деді өңір басшысы.

Қазіргі таңда, 513 шақырым жол жөнделген. 2024 жылы 100 млрд. теңгеден астам қаржыға барлық деңгейдегі жалпы ұзындығы 800 шақырым құрайтын 139 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын аяқталмай қалған 120 шақырым жолдың 104 шақырымы биыл аяқталған, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстар жалғасуда екен.

Олбыс әкімі өңірімізде жылу-энергетика саласында бірқатар жұмыстар атқарылылып жатқанын да атап өтті. 11 млрд. теңгеге бюджет қаражаты есебінен Орал қаласының Жылу электр орталығынның турбоагрегат пен градирняны қайта құру  және су бұру қондырғыларын жаңғырту мақсатында 2 кәріздік-сорғы станцияларын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Облыстағы электр беру желілерінің тозуы 82 пайызды құрап отыр. Алдағы қыс мезгілінде апатты жағдайларды азайту мақсатында 2 мың шақырымнан астам электр желілері, 300-ге жуық қосалқы станция жөнделген.

Н.Төреғалиев өңірдің инфра­құ­ры­­лымын жақсарту, экология мәсе­ле­леріне, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларына да кеңінен тоқталып өтті.

«Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында білім беру саласын дамытуға жалпы 37 млрд. теңге қаражат қаралды. Оның ішінде апатты жағдайдағы мектептердің, сонымен бірге үш ауысымды оқыту, оқушы орын тапшылығы мәселелерін түбегейлі шешу үшін 32 млрд. теңгеге 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 12 мектеп құрылысын аяқтайтын боламыз», – деді Нариман Төреғалиұлы.

Өңірде денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар.  Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде екен.  Қазіргі таңда 6 нысан бойынша құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Жыл соңына дейін қалған 6 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Алдағы жылы осы бағытта 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында ағымдағы жылы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып, 2-уі аяқталған. Спорт секцияларын жан басына қаржыландыру механизмі аясында 12 мың бала тегін спортпен қамтылыпты. Осы мақсатқа 2023 жылы 1,6 млрд. теңге бөлінген.

Журналистер әкімге өңір тұрғын­да­­рын толғандырған мәселелер бо­йын­ша сауалдарын қойды. Мәселен, бір­неше жылға созылған даудың бірі – өңір­де­ көбейіп кеткен ақбөкендер жайы­на­ арналды.  «Киік еті өзге облыстарға жөнелтілгенде бұзылып, жарамсыз болып жатыр ма? Бұл қаншалықты рас? Ет комбинаты жеткіліксіз бе?» деген сауалға облыс әкімі жауап берді.

«Киіктің еті басқа өңірлерге тасымалданған сәтте еттің бұзылу дерегі анықталған жоқ. Алдағы уақытта киік етін өткізетін ет комбинаттарын салу жоспарымызда бар. Күні кеше бізге бірнеше инвесторлар келді. Киіктердің санын реттеуге, ет комбинатын салуға қызығушылық танытып жатыр. Егер біз олармен жақсы келісімге келіп, ет комбинаттарын саламыз десе, біз оларға жер береміз. Ет комбинаты жетіспегендіктен, көрші облыстарға жүгіндік, ол жасырын емес», – деді облыс әкімі. 

Журналистер өңірдегі шаруалар киіктен 8 млрд теңгеге шығынға батқанын, әлі күнге дейін өтемақыны ала алмай отырғанын жеткізді. Бұл сауалға өңір басшысы субсидия есептеліп, жалпы шығын министрлікке жіберілгенін айтты.                          

 Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.