«Сау адамдардан артық өмір сүретіндер бар»: дәрігер қант диабетімен ауыратындар жайлы
Эндокринолог бұл дертпен ұзақ және толыққанды өмір сүруге болатынын айтты
Медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР диабеттік ассоциациясының президенті Баян Мұсақызы «Basty bailyq» YouTube-арнасына берген сұхбатында қант диабеті жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Диабеті бар науқастар дертті жеңуге ұмтылуы керек, мотивация болуы керек. Диабеті бар болғанымен «барлық адам сияқты өмір сүре аламын» деп қантты жоғарылатпайтын амалдар жасау керек. «Диабеттен ешкім жазылмайды, осы кеткенімен болды» деп айтып жатады. Депрессияға түсіп, қантын одан сайын жоғарылатып алады. Қант көтерілсе, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Ол - көздің көрмей қалуы, бүйрек пен тамырлардың зақымдануы. Бірақ диабетпен өмір сүруге болады. Науқас бола тұра өмірде өте жоғары жетістікке қол жеткізген адамдар бар. Диабеттен қорыққан адамдарға осындай адамдар жайлы айтамын. Дені сау адамдардан да артық өмір сүріп жатқандары бар», - деді маман.
Еске салсақ, бүгін әлем халқы БҰҰ-ның халықаралық күнтізбесінде ресми түрде бекітілген және 1921 жылы Чарльз Бестпен бірге инсулинді ашқан Фредерик Бантингтің туған күніне орай таңдалған Қант диабетімен күрес күнін атап өтуде.