«84 адам қаза тапты»: Алматыда бір жылда 1,5 млн жүргізуші жол ережесін бұзған
Соңғы он айда 3 мың адам жол-көлік апатынан жарақат алған

Алматыда жол жүру ережесін бұзатын жүргізушілер азаймай тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы он айда 3 мыңнан астам адам жол-көлік апатынан жарақат алған. Сонымен қатар мопед тізгіндегендер себепші болған апаттар көбейіп кеткен.
«Биылғы 10 айда Алматыда 2 991 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 84 адам қаза тауып, тағы 3 211 адам жарақат алды. Жалпы, жыл басынан бері 1 млн 582 мың 980 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Көлікті мас күйінде басқарған 1 718 жүргізуші ұсталды», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сот үкімімен 2 мың 443 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Қалада мопед пен самокат тізгіндеген жастардың қатысуымен де жол апаттары көбейген.
«Самокат мінген 6 708 адам жол ережесін бұзған. Мопед тізгіндегендердің себепкер болған жол апаттарынан биыл 14 адам қаза болып, 340 астам адам жарақат алды. Қалада 550 көлік ресми тіркелген. Күнделікті транзитпен мопед, самокаттарды есептемегенд, 300 мыңға жуық көлік кіреді. Қалада күнделікті 50 мың самокат жүреді. Алматыда 1 мыңнан астам жол патурьлдік экипажы бар. Олар тек жол көлік қозғалысын ғана реттемейді, қылмыспен күрес, қылмыстарды ізін суытпай ашумен де айналысады. Таңғы және кешкі уақыттарда жол патрульдік полициясы кептелістерді қолмен реттеуге кіріседі», - деді Салтанат Әзірбек.