$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2023, 11:46
Қоғам

«Миллиардтаған қаржыдан қайыр болмады»: Шымкентте бір аудан тұрғындары суға зәру

Аймаққа су апару үшін жалпы ұзындығы 335 шақырым құбыр тартылды

«Миллиардтаған қаржыдан қайыр болмады»: Шымкентте бір аудан тұрғындары суға зәру
Фото ашық дереккөзден

Шымкентте ауыз су жүйесін тартуға бөлінген миллиардтаған қаржыдан қайыр болмады. Құрсай мөлтекауданына жүргізілген ауыз су жүйесі екі жылдан бері кәдеге аспай қаңырап тұр. Құбыр тартылғанымен су жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Құрсайдағы әрбір үйге ауыз су ауыр бейнетпен келеді. Көлік мінгендер ауыз суды алыстан тасып ішеді, ақшасы бары сатып ішеді. Әр үйдің ауласында темір ыдыс. Айына екі рет арнайы көлікке тапсырыс беріп, осында құйдырып алады. Бір машинесі 6,5-7 мың теңге.

 «Әкелген су тұрған соң ескіріп кетеді. Сарғаяды, соны ішеміз. Ақ шелекке құйған соң тұнады, соның бетіндегісін ішеміз», - деді қала тұрғыны Құлпынай Файзулла.

Мұндағы әрбір көшеге, тіпті үйдің алдына дейін әлдеқашан құбыр тартылып қойған. Бірақ 17 мың абоненттің құдығынан әлі күнге тамшы тамбаған.

Құрсай шағын ауданына ауыз су жүйесін жүргізуге 5,6 миллиард теңге бөлінген. Тұрғындардың тұрмысын жақсартады деген желі енді олардың өміріне қауіп төндіріп тұр.

Ауыз су жүйесін ел әлі пайдаланбай жатып, бұйымдары бүлініп, ұрлануда. Құбырлар кесілген, ал құдықтардың аузы жартылай сынып, мынадай боп жатыр.

Аймаққа су апару үшін жалпы ұзындығы 335 шақырым құбыр тартылды. Әкімдік істі аяқтаудың орнына бастапқы жобаны әлі өзгертумен келеді.

 «Жобада өзгеріс болды. Жобалаушы мекемелермен зерделеу жүргіздік. Өзгерген жерлері бар. Құрсайда үйлер көптеп салынып жатыр. Сол үшін біз оларды да жобаға қосып жатырмыз», - дейді қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ақарыс Боранбай.

Инфрақұрылымның дер кезінде аяқталмауына су жинайтын мұнара құрылысының бітпей жатқаны да себеп. Мердігер компания уәдесінен тағы да тайқып кетпесе құрсайлықтар жылдың соңында ауыз судың азабынан құтылмақ.

Серіктес жаңалықтары