$ 524.65  552.19  5.14
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Депутат «байерлерге» барын берген қара халықтың базынасын жеткізді

Олардың құрбаны көбінесе үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер екен

Депутат «байерлерге» барын берген қара халықтың базынасын жеткізді
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа алаяқтар туралы сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Елімізде интернет-алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны азаяр емес. Былтыр 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келген. Биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны – көбінесе үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер. Интернет алаяқтықтың түр-түрі бар. Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан көріністің бірі – әлеуметтік желі арқылы «байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арнайы арзан тауар жеткізушілер көбейді. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі толығымен халықты алдап жүр. Бұған дейін қаржы пирамидасымен интернет-алаяқтықтарға алданғандарды көп еститін едік. Қазір байытамын деген байерлерге барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз. Солардың бірі – елде лақап атпен танымал Айс Мұратова. Шын аты – Арайлым», - деді Мұқаев.

Ол атағандай, байер соңғы 2 жылда халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған.

«Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астымда заңды жұмысшыларым бар деп елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа перевод арқылы жіберуді сұраған. Рас, басында аз-маз ақшаға қажет тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан аса адамнан жалпы сомасы 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен. Енді сауда жасап күн көрмекші болған азаматтар «Тауар да жоқ, ақшамызды да қайтармады, арыз жазып шағымдансақ та бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпады» дейді. Алданғандар арасында абысындарымен жиналып, үйіне әдемі ыдыс алғысы келгендер де, тіпті ірі кәсіпкер ретінде тіркелген саудагерлер де бар», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе күннен күнге ушығып барады.

«Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема таза қаржы пирамидасына ұқсайды. Мен әкелген папкада ақша аударылған счеттер және тиісті мәлімет бар. Сенесіздер ме? Мұндай 3 пакет папка бар. Сондағы (ақшаны) санаса, 30 млрд теңгеден асады. Бұл оншақты мектеп салатын ақша. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді ескеріп, тергеуді әділ жүргізіп, іске қатысы бар барлық адамға тиісті жаза қолдану керек. Себебі, алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан бұл мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуды сұраймын», - деді Дәулет Мұқаев.

Серіктес жаңалықтары