Ұлттық құндылықтардың аз насихатталуы аналарды алаңдатады – ҚХА мүшесі
Алматыда «Әйел – ана, әйел – қайраткер» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды

Ұлттық құндылықтардың жастар арасында аз насихатталуы аналарды алаңдатады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гүлнәр Жошыбаеваның айтуынша, өсіп келе жатқан балаларға бабадан қалған бай рухани қазынаны, ұлттық дәстүрлерімізді сіңдіретін ата-аналардың өзі тым аз, тіптен ата-аналардың бәрі бірдей ұлттық құндылықтарымызды жете білмейді. Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі қаладағы, аудандағы мектептерді аралап, ұлттық құндылықтарды жастарға насихаттау мақсатында көбірек кездесулер өткізуі керек деп санайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Әрбір ауданда Аналар кеңестері құрылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған қоғамдық ұйымдардың негізгі жұмысы – тәрбие. Қазіргі күні біз білім мекемелерімен, мектептермен, колледждермен және қоғаммен жұмыс істейміз. Оның ұлтаралық татулық, ұлтаралық келісімді нығайтуда орны орасан. Ұлтымыздың асыл қасиеттерін, ерекшеліктерін әдемі әдіспен насихаттай отырып, қоғамдағы кейбір кемшілікті, рухани тәрбиенің жетіспей жатқан тұстарын, қазіргі ұрпақтың кемшін тұстарын анықтаймыз», - деді Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Сағатқызы.
Аналар кеңесі тек Алматы қаласында ғана емес, іргелес орналасқан аудандағы білім ошақтарымен де бірлесе жұмыс істеп келеді. Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, ересектерді алаңдататын жайттар аз емес. Білім ошақтарындағы оқушылар, студенттермен ғана емес, жас аналармен де кездесулер ұйымдастырылады. Тіптен отбасындағы жағдайларды жеке-жеке айтып, көмек сұрайтын жастар да аз емес.
«Мен өткен жылдың желтоқсанынан бері осы қызметті атқарып келе жатырмын. Біз өзіміздің адамгершілік бастауларымызға, ұлттық құндылықтарымызға үлкен назар аудара отырып, әрбір ауданда, қалаларда тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткіземіз. Және осы орайда балалардың, жастардың тәрбиесімен қатар, қоғамдағы тату-тәтті тірлік, береке-бірлік, адамдардың бір-біріне түсіністікпен қарауын насихаттаймыз. Олардың арасында өзара жақсы қарым-қатынас біз үшін маңызды. Бүгінде біз ұлттық құндылықтар, өзіміздің салт-дәстүр, ұмыт қалып бара жатқан қазақ халқының тарихы, дәстүрі, тәрбие бастауларын жаңғыртумен айналысамыз және ол өз нәтижесін беруде», - деді Гүлнар Жолшыбаева.
Ассамблея тарапынан түрлі мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. ҚХА жанынан құрылған Аналар ұйымы негізінен әйелдер мәселесімен жиі айналысады. Жуырда ғана «Әйел – ана, әйел – қайраткер» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Алматы қаласындағы республикалық Достық үйі, Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында қоғамдағы мәселелер талқыланды. Іс-шараның мақсаты – қазіргі қазақстандық әйелдердің қоғамдағы рөлін атап өту. Отырысқа спикер ретінде белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Досжан сынды тұлғалар шақырылды.
«Бақытты отбасы» көпбалалы аналар орталығының өкілдері, Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының аналар кеңесінің өкілдері Бабаева Джамиля және Абдулоглы Гульнара, Қазақстанның ұйғырларының республикалық мәдени орталығынан Беширова Санам, «Ata yurd Nomad» әзербайжан этномәдени бірлестігі Валиева Лейла, «Wiedergeburd» немістер орталығынан Клубникина Наталья, украин мәдени орталығының төрағасы Т. Агапова өз жетістіктері мен қоғамның дамуына қосқан үлестерін айтып берді. Жиын барысында қатысушылар белгілі қоғам қайраткерлерімен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды», - деді ҚХА Алматы қаласы бойынша филиалы.
Аналар қоғамы тұрмыстағы әлеуметтік мәселелерден бастап, қыз-келіншектердің зорлық-зомбылыққа ұшырауындағы қиындықтарды да шешуге атсалысады. Әсіресе ауылды жерлерде қиындық көріп келе жатқан әйелдердің саны аз емес.
«Аналарды алаңдататын жайттар аз емес. Мысалы, қазіргі күні қоғамдағы ең проблемалы жайттардың бірі – жастардың ажырасуы. Осы ажырасудың алдын алу бойынша көптеген жұмыстар жүргіземіз. Медиаторлармен бірлесе отырып көп жұмыс істеуіміз керек. Ажырасудың алдын алу арқылы көптеген отбасыларды біз сақтап қала алдық десек болады. Елімізде басқа этнос өкілдері де көптеп өмір сүруде. Олар бізбен етене жақын, тарихы да бізбен қайнасып кеткен бауырлас халықтар. Сондықтан тек қана қазақ ұлтының ғана емес, басқа да ұлт өкілдерінің өмірінде болып жатқан мәселелерді де талқылап, көтереміз. Оларда міндетті түрде осы ассамблеяның жұмысына, Аналар кеңесінің жұмысына қатысып, белсенділік танытады», - деді қоғамдық ұйымның жетекшісі.
Дәл қазіргі сәтте ұйымның мүшелері жер-жерлерде электронды темекінің жастар арасында көп тарап кетуіне қарсы күрес жүргізіп жатыр.
«Мысалы, қазір балалардың түрлі электронды темекіге әуестенуі, соны тартушыларға еліктеуі көбейіп кетті. Вейпке қарсы түсіндірме жұмыстарын көп жүргізу керек. Қазақ аналары вейпке қарсымыз деген үлкен акция бастады. Жас қыздардың арасында ерте жүктілік колледждерде, тіпті мектептердің өзінде кездесіп жатыр. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Міне, осының алдын алу мақсатында жұмыстар жүргіземіз. Одан бөлек, балалардың арасында буллинг, бір-біріне әлімжеттік көрсету деректері тіркеліп жатады. Мен өткен айда Орал қаласындағы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысып қайттым. Сол кезде де өте күрделі мәселелер көтерілді. Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесінің жиындары барлық облыстарда, қала, аудандар өтіп жатыр. Аналар кеңесі бүгінгі күнде өз жұмысын жүргізуде», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында экономикалық өсуге, экономикалық дамуға көп басымдық берді. Әділеттілік туралы да айтты. Әділетті Қазақстанның экономикалық дамуын және үнемшілдік мәселелерін де сөз етті.
«Біз әділетті деген сөзді тек қана басшылыққа, әкімдіктерге ғана қатысты айтпауымыз керек. Ол әрбір адамның өз ісінде әділетті болуына шақыру деп түсіну керек. Қоғамның әрбір мүшесі қаншалықты әділетті? Міне, осы ұғымды қалыптастыруымыз керек. Сондықтан Президенттің жолдауында айтылған бұл сөздердің де мағынасы терең. Қоғамның, елдің дамуы үшін қоғамдық ұйымдар да әділетті болуы керек», - дейді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шынай да осы Жолдауға байланысты пікірін білдірді.
«Көп жағдайда депутаттар, не болмаса билік өкілдері Президенттің жолдауын қайталап айтумен болады. Біз оны қайталап айта бермеуіміз керек. Әділеттілікті тек қана билік өкілдерінен, Үкіметтен ғана талап етпеуіміз керек. Әрбір адам өзі қаншалықты әділетті екеніне баға беру керек. Мысалы, аналар, «біз көп балалымыз, бізге барлық жағдайды жасап, бізге үй беріңдер» деп талап қояды. Біз бұған қарсымыз. Қашан қазақ аналары солай істеп еді? Сондықтан әркім өзінің қаншалықты әділетті, қаншалықты еңбекқор екеніне баға бере білуі тіис. Жолдауда айтылған ойларға да баға беріп, түсіндіреміз. Сонымен қатар тағы бір айта кететін жайт, рухани-адамгершілік тәрбие және білім беру серіктестерінің қоғамдық бірлестігі құрылған. Осы жұмысты да біз ақсақалдар кеңесімен бірлесе отырып үйлестіре жүргізуді қолға алмақшымыз. Біздің ұлттық құндылықтарды дәріптеуде алдағы уақытта бұлда айтарлықтай нәтиже береріне сенімдімін. Жалпы саналы ұрпақ, салиқалы ұлт қалыптасуы үшін алдыңғы буын ағалар, апалар, аналар қоғамға шама-шарқынша қызмет етуі керек», - деді ол.