Қайрат Боранбаев түрмеден босатылды
Ол жазасын пробациялық бақылау жағдайында тұрғылықты жерінде өтейді
Мемлекетке келтірілген шығынды өтеген кәсіпкер Қайрат Боранбаев түрмеден босатылды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, ол 6 қарашада түрмеден шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биыл 6 қарашада Қайрат Боранбаев түрмеден босатылды. Қылмыстық-атқару кодексінің 65-бабына сәйкес, бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазамен ауыстырылған сотталған адам қамаудан босатылады және бюджет қаражаты есебінен жазасын өтеу орнына өз бетінше барады», - делінген ҚАЖК хабарламасында.
Айта кетсек, Қылмыстық-атқару кодексінің 5-тармағы 165-бабына сәйкес жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату тиісті құжаттар келіп түскен күні, ал егер құжаттар жұмыс күні аяқталғаннан кейін келіп түскен болса, келесі күні таңертең жүзеге асырылады.
Бас бостандығынан айырылған адамдар Қылмыстық-атқару кодексінің 13-тарауына сәйкес, пробациялық бақылау жағдайында жазасын тұрғылықты жері бойынша өтейді.
Еске салсақ, Қайрат Боранбаев,Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ «газды импорттауға жұмсалған қаражатты жымқырды» деген айыппен кінәлі деп танылып, Боранбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңге, кейін жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Кейін мемлекетке тағы 30 млрд теңге қайтарды. Қазан айында мемлекет кірісіне оның иелігіндегі жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. 19 қазанда Боранбаев өзінің кен орнын, компаниясын және зауытын мемлекет меншігіне берді.