Мәжіліс бизнесті кедергісіз жүргізу мәселесін қарайды
Бұл мәселе палатаның жалпы отырысында қаралмақ
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутаттарға бірінші оқылымда бизнес жүргізу мәселелері және қоғамдық бірлестіктер туралы екі заң жобасын қарау ұсынылады.
Біріншісі – кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға, екіншісі – азаматтық қоғамды одан әрі дамыту мен жаңа қоғамдық бірлестіктер құру тәртібін жеңілдетуге бағытталған.
Сондай-ақ экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралмақ. Құжат Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ экспортты қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы үшін реттеуші режимді қалыптастыру мақсатымен әзірленді.
Бұдан бөлек Ресей Үкіметімен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы ратификациялық хаттама қаралады. Палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ