$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстандық кеншілердің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында ақша тапты»: депутаттар заңға түзету енгізуді ұсынды

Олар өндірістік кәсіпорындарда мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды

«Қазақстандық кеншілердің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында ақша тапты»: депутаттар заңға түзету енгізуді ұсынды
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Арман Қалықов «Костенко» шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Парламент Мәжілісінің атынан депутаттық сауал жасады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Костенко» шахтасындағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің атынан әрбір отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз.Бұл жағдай «Казахстанская» шахтасындағы апаттан 2 ай өткеннен кейін орын алып отыр. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын. Осындай жазатайым оқиғалардың барлығы компанияның осы жылдар бойы, шын мәнінде, қазақстандық кеншілердің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапқанын көрсетуде. Өйткені АрселорМиттал бәрінен дерлік үнемдеген.Соңғы төрт жылдағы ресми мәліметтер бойынша - бұл компания жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған», - деді Қалықов.

Депутат атағандай, жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген.

«Нәтижесінде, осы жылдың өзінде екі апаттық жағдай орын алды, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалды. Қазіргі жағдайда Президент бірден-бір дұрыс шешім қабылдады, ол – «Арселормитталмен» ынтымақтастықты тоқтату.Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-шы жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырлыққа шақырғым келеді», - деді ол.

Қалықовтың айтуынша, бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті.

«Осы трагедиядан кейін басқаша болуы мүмкін емес. Біз осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін өзіміздің кәсіби кадрларымыз жеткілікті деп санаймыз.  Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинатының стратегиялық объектілер екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамдарымыздың тағдыры солармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді. Алдағы уақытта әрбір жұмыскердің өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылатын болады. Бұл қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсартуы керек, олар шахтаға соңғы рет деп түспеуі керек. Кеншілер мен олардың отбасылары ертеңгі күнге сеніммен қарауы керек», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, ол үшін депутаттар, әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі Заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жіберді.

«Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады.Өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық.Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек.Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді. Біз қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені шешудің маңыздылығын атап өткен болатын», - деді ол.

Депутат атағандай, кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру – бұл жеке дара мәселе.

«Сөзімді аяқтай отырып, мен қаза тапқан барлық отандастарымыз біздің есімізде мәңгі сақталады дегім келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша әр отбасы мен олардың балалары барлық қажетті көмекті қажетінше алатын болады. Барлық қаза болғандарды ұмытпаудың ең жақсы жолы – өндірістерді қауіпсіз ету. Әрбір кенші бүгін үйіне, өз отбасына аман-есен және дені сау болып оралатынын білуі керее», - деді ол барша депутат атынан.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары