Ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады – ҰЭМО төрағасы

Елде бірде-бір кедей ұйғыр отбасы жоқ

Ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады – ҰЭМО төрағасы
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

«Жер жүзіндегі ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда өмір сүреді. Бүгінде олардың саны ел көлемінде үш жүз мыңға жуықтайды». Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Орталық төрағасы Аркенжан Жумаевтың айтуынша, ұйғыр халқының әлеуметтік тұрмыстық жағдайы өте жақсы, қаңғып жүрген, тұрмысы төмен бірде бір отбасы жоқ.

Ұйғыр этно мәдени орталығының төрағасы ассамблея аясында өзге ұлт өкілдеріне, халықтардың өзара ынтымақтастығын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы соңғы бір жыл көлемінде түрлі бағытта үш жүзге жуық мәдени шара өткізген. 

«Бүгінде біз жалпыұлттық шараларға, саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге белсенді түрде қатысып келеміз. Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жұмысына жылдың соңына қарай баға беріледі. Республика күнінің құрметіне арналған ауқымды жиын өткіздік. Ұйғыр этномәдени бірлестігі облыс көлемінде үлкен жұмыстарды атқарып жатырмыз. Тек біздің өзіміз 130-дан астам іс-шараны өткіздік. Оның сексен бесі аудандық, он төрті қалалық, отызы облыстық деңгейде өтті. Биылғы он айдың ішінде осындай ауқымды істер атқарылды.

Ассамблеяның аясында ұлттардың татулығына қатысты мәселелер күн тәртібінен түспеген. Барлығымыз қасиетті қазақ жерінде ұйысып отырып, қара шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан ұйғыр халқы да осы Қазақстан мемлекетінің дамуына үлкен күш салып жатыр. Әрдайым қоғамдық жұмыстарға, жалпыұлттық  істерге белсене қатысып отырмыз», - деді Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Аркенжан Жумаев.

Ассамблея қоғамдық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шаралардан қалыс қалмайды. Оқу жылында «Мектепке жол» акциясына қатысса, күзде тұрмысы төмен жанұяларға отын-су жағынан көмек көрсеткен. Ұйғыр халқының негізінен Жетісу өңіріне көп шоғырланған. Бірлестік жетекшісінің айтуынша, өз диаспораларына елде барлық жағдай жасалған. Ұйғыр тілін оқытатын орталықтар, салт-дәстүрін жастарға дәріптейтін үйірмелер көп.

«Тәуелсіз Қазақстан басқа ұлттардың өз салтын, тілін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Немен айналысамын десе де, ешқандай кедергі жоқ. Қоғамда еркін өмір сүріп жатыр. Ел ішінде көмек сұрайтын адамдар аз емес. Бірінде баспана жоқ болса, бірінде тамақ жоқ дегендей. Ұйғырлардың ішінде ондай кедей отбасы жоқ. Жағдайы төмен отбасылардың саны 1 процентке де жетпейді. Неге десеңіз, біздің жақсы өмір сүруге барлық мүмкіндігіміз бар. Бақытты өмір сүреміз. Біздің ұлтымызда беделді ағамыз Шаймардан Нурумов айтқандай, ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда өмір сүреді. Оның дәлелін өздеріңіз қоғамда, сыртқа шыққанда көресіздер. Шаймардан Үсенұлы бұрын республикалық  ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы болған. Ол ұйғыр халқына нақты бағасын берген. Яғни, ең бақытты ұйғырлар  Қазақстанда тұрады, бізде бірде-бір кедей отбасы жоқ. Жалпы далада қаңғып қалған азаматтарымыз жоқ. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Бәрі осы қоғамға сай өмір сүріп жатыр. Оған осындағы ұйғырлардың өздерін де мысалға алуға болады. Мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап отыр.

Ұлттық дәстүрімізді, ұстаным қағидаларын оқытуға, сақтауға барлық мүмкіншілік бар. Барлық жерде оқу орталығы, мектептеріміз бар. Газет-журналдарымыз шығып тұрады. Осы қоғамға сәйкес келетін барлық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйғыр мәдени орталығының төрағасы.

Төрағаның айтуынша, Қазақстандағы ұйғырлардың саны үш жүз мыңдай болады. Олар Панфилов, Ұйғыр, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алматы қаласында көп шоғырланған.

Оның айтуынша, жергілікті халықпен бүгінде туыс болып кеткен. Мың жылдық құда, жүз жылдық күйеу болған отбасы әрбір ұйғыр әулетінде кездеседі.

«Жергілікті халықпен құда болған жағдай өте көп. Ұйғырлардың елу пайызы қазақтармен құдаласқан. Менің өзім де қазақтармен құдамын. Менің бауырым жақында осы Талдықорған қаласында тұратын қазақтармен құдаласып жатыр. Жалайыр деген румен құда болдық. Былай айтсақ, әрбір ұйғырдың отбасында бір адам қазақ ұлтымен туыс болып шығады. Яғни, қазақтар мен ұйғырлар мың жылдық құда болып отыр. Ондай отбасылар өте көп. Пайызбен алсақ, ұйғыр-қазақ болып араласқан құдалар елу пайыздан асады.

Аралас отбасылардың саны өте көп. Бірінде қыз алсақ, енді бір отбасы қазақтарға қыз берген. Біз туыспыз, осы тустықтың арқасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше, облыстағы этностардың,  ұлттардың ынтымақтығын арттырудағы орны айрықша зор», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.