ДДСҰ Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға 1,8 млн доллар бөледі
Бұл қаражат ИТВ, ЖИТС, туберкулезбен күресу, медицина кадрларын оқыту, халықпен ақпараттық жұмыс және басқа да бағыттар үшін жұмсалады
Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы барысында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі мен ДДСҰ Еуропалық бюросының арасында 2024-2025 жылдарға арналған екі жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ДДСҰ Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға 1,8 млн доллар бөледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті.
«Бұл қаражат медицина қызметкерлерінің әлеуетін арттыру, аналардың, жаңа туған нәрестелердің, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, онкологиялық және басқа да жұқпалы емес аурулармен, АИТВ, ЖИТС, туберкулезбен күресу, медицина кадрларын оқыту, халықпен ақпараттық жұмыс және басқа да бағыттар үшін халықаралық ұйым тарапынан сараптамалық, әдіснамалық және техникалық қолдау көрсетуге бағытталатын болады», - деді Ғиният ДДСҰ Еуропалық бюросының форум алаңында өткен брифинг барысында хабарлады.
Ғиният денсаулық сақтау министрлері, ДДСҰ сарапшылары, 80-нен астам мемлекеттің мамандары қатысатын медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция мен ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясының ерекше маңызын атап өтті.
Министр атап өткендей, бұл алаңда барлық елдердің денсаулық сақтау күн тәртібіндегі сын-қатерлерді еңсеру үшін маңызды шешімдер қабылданып жатыр.
«Президент Тоқаев медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша достастық елдер коалициясын құру туралы инновациялық ұсынысты ұсынды. Көптеген елдерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша жағдай Қазақстандағыдай жақсы емес, олар негізінен қымбат технологияларды инвестициялаумен шектеледі. COVID-19 пандемиясынан бері біз халықты қорғауда ең жақсы нәтижені медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейі жоғары елдер көрсеткенін түсінеміз», - деді брифинг барысында ДДСҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге.
Ол коалиция құру бастамасы келесі жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында талқыланатынын айтты.