БҚО-да 15 жастағы оралдық оқушы «Шахмат керуенінің» финалисі атанды
«Шахмат керуенінің» келуіне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, киіз үй тігіліп, тоғыз мыңға жуық адам шахмат ойнады
Батыс Қазақстан облысына екі ай бұрын Көкшетаудан бастау алған «Шахмат керуені» жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
25 қазан күні Тұңғыш Президент алаңында Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тағайындалды. «Шахмат керуенінің» келуіне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, киіз үй тігіліп, тоғыз мыңға жуық адам шахмат ойнады.
Өңірдегі шахмат озаттарын анықтауды мақсат еткен турнирдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев басты мақсат – интеллектуалды ойынға көңіл аударып, дамыту екенін атап өтті.
«Бүгінгі өңіріміздегі турнирге қош келдіңіздер! Орал қаласындағы «Шахмат керуені» турнирінің ашылуымен бәріңізді құттықтаймын. Қазіргі кезде шахмат ойынының көкжиегі әлемнің барлық елдерінде қарқынды дамыған. Халықаралық федерациясы мен мыңдаған жанкүйерлері бар. Өңірімізде ел намысын қорғап, кәсіби мансабында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген азаматтар жетерлік. Облысымызда 9 мыңға жуық адам тұрақты түрде шахматпен айналысады. 500-ге жуық бала шахмат секцияларына қатысса, оларға бағыт беретін 20 білікті жаттықтырушы бар. Жыл сайын шахматтан аудандық, облыстық турнирлер ұйымдастырылады. Бүгінде интеллектуалды ойынға үлкен қызығушылық танытып, шахмат секцияларына жазылғысы келетін балалардың саны артып келеді», – деді облыс басшысы.
Швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын турнирде 20 ойыншы бағы мен бабын сынға салды. Нәтижесінде 1-орынды Төрехан Молбай (100 мың теңге), 2-орынды Дмитрий Данилов (50 мың теңге), 3-орынды Мирас Рушанов (30 мың теңге) иеленді. Үш жеңімпаз гранд- финалға жолдама алып, 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін кездесуде облыс намысын қорғайды. «Фридом Финанс» АҚ-ның Оралдағы филиалының директоры Бауыржан Мұхамбетов финалистердің жолақысы мен сыйақылары компания атынан қаржыландырмақ. Сондай-ақ турнирге қатысқан Аиша Тұрсынова «Қыздар арасындағы үздік көрсеткіш», Бексұлтан Губашев «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» және Таир Жұмабаев «50 жастан асқан ардагер қатысушы» аталымдары бойынша марапатталып, әрқайсысына 30 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
«Шахматты 4 жасымда әкемнен үйрендім. 8 жылдан бері тұрақты айналысып келемін. Бүгін турнирде облыстың 20 мықтысымен ойнап, І орын иелендім. Өзімнің жеткен жетістігіме қуанып тұрмын», – деді жартылай финалдың 15 жасар жеңімпазы Төрехан.
Марапаттаудан кейін алдын-ала тіркелген 10 әуесқой ойыншы шахмат олимпиадаларының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Роман Козловпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты.
Айта кету керек, елімізде 900-ге жуық адам шахматтан халықаралық рейтингке ие болса, оның 15-і гроссмейстер атағын алған. Ұлттың зияткер ұрпағын қалыптастыруды мақсат еткен жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр. 10 қарашада әр облыстың үздік 60 ойыншысы қатысатын гранд-финалдың жеңімпазы 5 миллион теңгені қанжығасына байлайды. Ал керуеннің жалпы жүлде қоры – 16 миллион теңге. 30 адамнан құралған топ 10 қарашаға дейін еліміздің барлық өңірлерін аралап, 14 мың шақырымды еңсермек.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы