Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 жыл аталмай кеткен Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта тойлануы керек екенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан», - деп атап өтті президент.
Ол осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілгенін еске салды.
«Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз», - деп жазылған құттықтауда.
Мемлекет басшысы халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсап, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады.
«Біз бірге мақсатымызға жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», - деп түйіндеді президент.