БҚО-да қоғамдық көліктер қатары толықты

Azattyq Rýhy

Аймақта автопарктер заманауи үлгідегі жаңа автобустармен толығып, барлық маршруттарда дерлік электронды билет жүйесі енгізілген

БҚО-да  қоғамдық көліктер қатары толықты

Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Орал қаласындағы көлік тасымалы қызметінің сапасын арттыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Батыс Қазақстан автобус паркі» кәсіпорны  «Ютонг» маркалі 10 автобуспен толықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.    

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қалалық автопарктердің  материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып келе жатқанын атап өткен  Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов №2 бағыттағы автобус жүргізушілеріне жаңа көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады.

«Құрметті жерлестер!  Баршаңызды Қазақстан Республикасы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық мереке қарсаңында Батыс Қазақстан автобус паркі он жаңа автобусты желіге қосқалы отыр. Орал қаласында күніне 250 қоғамдық көлік желіге шығады. Соңғы  екі жыл ішінде жүзден аса автобус жаңарды. Алдағы үш-төрт жылдың ішінде жалпы шаһардағы барлық автобустарды жаңарту мәселесі көзделуде. Осы бағытта облыс әкімінің тікелей қолдауымен жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Биылғы жылдан бастап  5,2  миллиард қаражат бөлінсе, алдағы жылы да жоспарлы жұмыстар жалғасады. Сондықтан қоғамдық көліктер халықтың игілігіне пайдаланылсын деген ниеттеміз. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында қала жолдарын, аялдамаларды, қоғамдық көліктерді жаңғыртып, өмір сүру сапасын арттырудамыз», – деген Миржан Мұнайдарұлы мердігер компания басшыларына өз қаражаттарын ел игілігіне жұмсағандары үшін алғыс білдірді.

«Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС  бас директоры Диас Жәнібековтың айтуынша, кәсіпорын  Орал қаласының ең ірі және озық тасымалдаушысы саналады. Аталмыш базада 450-ден аса қызметкер еңбек етеді. 102 қалалық, 19 қалааралық автобус жолаушыларды тасымалдайды. Кәсіпорын базасында жүргізушілер мен кондукторларға жұмыс ауысымынан кейін тынығатын арнайы жатақхана  да бар. Жолаушыларға лайықталған жаңа қоғамдық көлікте автобустардың жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылады. Сондай-ақ арнайы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, электронды табло және бейнекамералармен жасақталған.

Он жылдан аса қоғамдық көлік жүргізген Қадыр Қабибаев бүгін  жаңа автобусты тізгіндеді.

«Түрлі бағыттағы қоғамдық көліктерді жүргіздім. Қай қызметте болмасын адамдармен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Өйткені, олардың мінезі әртүрлі және көңіл-күйіне назар аударуымыз керек. Бір күн жұмыс істеп, ертесіне демаламын. Айлық табысым  350  мың теңге», – дейді кейіпкеріміз.

Соңғы кездері өңірімізде жолаушы тасымалы айтарлықтай жақсарды. Автопарктер заманауи үлгідегі жаңа автобустармен толығып, барлық маршруттарда дерлік электронды билет жүйесі енгізілді. Бұрынғы жылдардағыдай емес, бүгінгі жұмыстың ерекшелігі ескеріліп , қызметкерлердің əлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсартуға, бірінші кезекте еңбекақысын көбейтуге көңіл бөлінуде. Дəл қазіргі мезгілде автобус жүргізушілерінің алатын айлық жалақысы орта есеппен 350-380 мың теңгені құрайды. Алайда, соған қарамастан, күні бүгінге Оралда қоғамдық көліктің тізгініне отыратын тəжірибелі жүргізушілер тапшы. Соның салдарынан автобустардың саны көбейгенімен, оны жүргізетін адамдар жетіспейді.

Айта кету керек, Батыс Қазақстан автобус паркіне қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету мақсатында метанмен жүретін үш көлік қосылып отыр. Қоғамдық көліктерді кезең-кезеңмен жаңарту халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.