$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2023, 20:32
Қоғам

БҚО-да 500 орындық студенттер жатақханасы ашылды

Университет республика бойынша өз қаражаты есебінен жатақхана салу тәжірибесін алғаш рет жүзеге асырып отыр

БҚО-да 500 орындық студенттер жатақханасы ашылды

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде студенттерге арналған жаңа 500 орындық 9 қабатты жатақхананы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Университет республика бойынша өз қаражаты есебінен жатақхана салу тәжірибесін алғаш рет жүзеге асырып отыр.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы жоғары білім және ғылым министрі Саясат  Нұрбек құттықтауын жолдап, жастарға зор қолдау білдірді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев және Қазақстан Республикасы Президентінің атаулы шәкіртақы иегері, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, студенттер үйінің тұрғыны, педагогика факультетінің 4 курс студенті Гүлсезім Сегізбаева су жаңа 500 орындық студенттер үйінің салтанатты лента қию рәсімін жасады.

«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасындағы «Студенттік жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу» 89-тармағын іске асыру мақсатында  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жанынан жаңа студенттер үйі бой көтерді. Мемлекет басшысы жалпы қазақстандық студенттерді жатақханамен қамту ісін «Үкіметке нықтап тапсырды. Біздің облыста жоспарға сай төрт жатақхана салыну жоспарланған. Төртінші   жатақхана міне, бүгін БҚУ-дан ашылды. Студенттердің еш алаңсыз білім алуына толыққанды жағдай жасап, зәулім үйдің құрылысын уақытылы аяқтаған мердігер «BETA Services» ЖШС басшысы Шканов Бекболат Елемесұлына алғыс айтамын. 2018 жылы Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен  университетке 0,1942 гектар учаске пайдалануға берілді. Бұл жер теліміне 500 орындық жатақхана салынды. Республика бойынша өз қаражаты есебінен жатақхана салу тәжірибесін алғаш рет жүзеге асырып отырған оқу орнының ректоры Нұрлан Хабиболлаұлына шексіз ризашылығымды білдіремін. Осы тәжірибені өзге де білім ордалары жүзеге асырады деп сенемін. Жаңа ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жастарға да қолайлы орта жасақталған. Мемлекетіміз студенттердің егін әрі жан-жақты білім алуына жағдай жасады, жылына екі мыңға жуық гранттар беріледі», – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы жастарды жаңа қоныстарымен құттықтады.

Нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас, жатын, жуыну бөлмелері бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі студенттерге инклюзия форматына сәйкес арнайы бөлмелер мен мүгедектігі бар білім алушыларға 16 орын жасақталған. Бұдан бөлек, студенттер үйінде фитнес залы, дәріхана, медициналық пункт, кафетерий және мұғалімдер мен кезекшілерге арналған бөлмелер пайдалануға берілмек. Жатақхана аумағы толық абаттандырылып, спорт алаңы жасақталған.

Университет ректоры Нұрлан Серғалиевтың мәлімдеуінше, «Қаржы орталығы» АҚ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан университеттің жатақхана салу шығындарын 6 жыл ішінде өтейді. Бір орынға мемлекеттік тапсырыс мөлшері 195 АЕК, 500 студент қоныстанған кезде айына 28 000 000 теңге төленеді.

Жатақхананың құрылысы мен пайдалануға беру барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арасында екі жақты келісімге қол қойылған. БҚУ басқарма төрағасы-ректор Нұрлан Хабиболлаұлы жобаға бастан аяқ жетекшілік етті.

Салтанатты ашылу рәсімінде студенттік жатақхана кілтін «BETA Services» ЖШС директоры Бекболат Шканов тарих мамандығының 3 курс студенті, студенттері үйінің тұрғыны әрі төрағасы, университет белсендісі Дархан Қуатқа салтанатты түрде табыстады.  Өз кезегінде белсенді жас студенттерге зор қолдау білдірген Мемлекет басшысына, ҚР Білім және ғылым министрлігіне, облыс басшысына, жастар жанашыры, университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлына барша студенттердің алғысын жеткізіп, еліміздің егемендігін сақтауға, Тәуелсіздіктің тұғырын биік ұстауға, білікті де білімді маман атанып, аянбай еңбек етуге сенім білдірді.

Айта кету керек, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жаңа жатақхананы қоса алғанда студенттерге 1526 орын жасақталды. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, жаңа ғимараттардың құрылысы қолға алынады деп күтілуде.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары