ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 769 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жол жөндеу жұмыстары басталды

Биыл ел бойынша 484 мың шаршы метр жол аумағына жамау жұмыстары  жүргізілмек

Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында жолшылар шұңқырларды жамау және жолдарды таңбалау жұмыстарына кірісіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.   

Алматы облысында бүгінгі таңда Алматы – Нұр-Сұлтан автомобиль жолының 45-59 шақырымында, Алматы – Бішкек жолының 25-27 шақырымында шұңқырларды жамау жұмыстары басталды. Жөнделетін жолдардың жалпы ауданы 80 мың шаршы метрді құрайды. Аталмыш жұмыстар екі ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, осы аумақта жолдардың қозғалыс бөлігін таңбалау, жарықтарды жою жұмыстары басталды.

«Түркістан облысында Жызақ – Гагарин – Жетісай – Асықата – Сарыағаш – Жібек жолы жолында шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, жолдың қозғалыс бөлігін таңбалау, жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталған.

Жамбыл облысындағы жолдардың 8 мың шаршы метрінде  шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Жол қызметтері мұндай жұмыстарды Алматы – Ташкент – Термез жолының 239-240 шақырымында аяқтаған. Қазіргі таңда жолдарды таңбалау және жол бойын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген ведомствоның хабарламасында.

Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстан жолдарының шамамен, 484 мың шаршы метрінде шұңқырларды жамау жұмыстары  жүргізілмек. Жолдардың 28 мың шақырымы таңбаланып, 12 мың жол белгілері ауыстырылады деп жоспарлануда.