«51 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін»: депутат Шымкенттегі әуежай маңындағы тұрғындардың мәселесін айтты
Қала әуежайы маңындағы қызыл сызық аумағында 179 жеке меншік тұрғын үй орналасқан
Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда тұратын адамдардың жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метр қашықтықта қауіпті аймақтың белгісі тұр. Бас Прокуратураның мәліметі бойынша, аэродром маңы аумағында тиісті келісімі алынбаған 100 мыңнан астам құрылыс нысаны салынған. Қазір жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару туралы хабарлама тарату жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Алайда, жер учаскелерінің алынатындығы тұрғындар арасында үлкен қобалжу мен алаңдушылық туғызып отыр. Әсіресе, 15-20 жылдан бері осы жерде тұрып жатқан, алайда үйлері заңдастырылмаған 51 отбасы баспанасынан айырылып қана қалмай, сонымен қатар, олар мемлекет тарапынан нарықтық бағамен берілетін өтемақыны да алуға құқықтары болмайды. Бұл жағдай – Шымкентте халық арасында дүрбелең туғызуы ықтимал фактор», - дейді депутат.
Бұл мәселені шешу үшіг AMANAT фракциясы депутаты азаматтардың мұң-мүддесі ескерілуі тиіс дейді.
«51 отбасының өздері тұрып жатқан жер учаскелеріне құжаттарын рәсімдеп, заңдастыруы үшін шұғыл шаралар қабылдауды; Жер учаскелерін мемлекет мұқажына қайтару кезінде берілетін өтемақы сомасында тұрғын үйдің бағасымен қатар, жер учаскесі құнының есепке алынуын қатаң бақылауға алуды; Шымкент қаласы аэропортының ұшу жолықтарын солтүстік- батыс аумағына көшіру мәселесін қарастыруды сұраймыз», деп сауал жолдады Данабек Исабеков.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласының әуежайы бойынша қызыл сызық аумағында барлығы 284 (139,0 га) жер учаскесі орналасқан. Онда басқа объектілермен қатар, халық тұратын 179 жеке меншік тұрғын үй орналасқан. Олардың ішінде 128 үйдің құжаты бар, ал қалған 51 үйдің заңдастырылмағаны, жер учаскесін иелену туралы мемлекеттік актісі жоқ екені анықталған.