Таразда кафе қызметкері клиенттің телефоны арқылы несие алып, ақшаны ойынға тіккен
Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады
2023 жылғы 13 қазанда Тараз қаласының полициясына 37 жастағы жергілікті тұрғын шағыммен жүгінді. Ол өз арызында белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 2 840 000 теңге көлемінде несие рәсімдегенін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қылмысқа барған азамат содан кейін ақшалай қаражатты букмекерлік қосымшаның есеп шотына аударған болып шықты.
«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жәбірленуші оқиға қарсаңында облыс орталығындағы кафелердің бірінде демалғанын айтты. Есеп айырысу үшін ақшасы жетпей, өзінің ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін оны ұмытып кеткен. Әйелінің телефоны арқылы банктің қосымшасына кіріп, ол өз атынан үлкен көлемде несие рәсімделгенін білген», - делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы кафенің 20 жастағы қызметшісін анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады, тергеу амалдары жалғасуда.