«Ботқадан құрт шықты»: Павлодарда мектеп директоры сөгіс алды
Асхананы жалға алушымен келісімшарт бұзылмаған
Павлодарда мектеп директоры сөгіс алды. Оған себеп мектеп асханасында ботқадан құрт шыққан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралиннің айтуынша, М.Әуезов атындағы орта білім мектебінің директорына сөгіс берілді.
"Мұндай шара мектептегі тамақтану мәселесін дұрыс бақыламағаны үшін қабылданды. Асхананы жалға алушымен келісімшарт бұзылмады", – деді Қуаныш Қыдралин.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ботқаның ішінде құртты тапқан оқушының анасы шағым жазудан бас тартқанын хабарлады. Ал департамент өтінішсіз өздігінен тексеріс жүргізе алмайды, алайда білім беру бөлімі тексеріс өткізу үшін хат жолдаған.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде мектеп асханасында берілген ботқа мен котлеттың ішінде құрты бар фото таралып кетті. Мектеп әкімшілігі бұл жағдайды растады, бірақ-та пісірілген ботқаның жармасы бұзылмағанын атап өтті.