$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.10.2023, 23:45
Қоғам

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары 5 күн жарықсыз қалды

Тексеру кезінде жерасты желісінің үзілгені белгілі болды

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары 5 күн жарықсыз қалды

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығында тұрғындар бес күн жарықсыз қалды. Қазірдің өзінде электр қуаты бірнеше сағатқа қосылып, қайта ажыратылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы Бірлік, Солтүстік, Жаңақұрылыс көшелерінде жарық 5 қазаннан 6 қазанға қараған түні өшкен. Тексеру кезінде жерасты желісінің үзілгені белгілі болды. Бірақ ақау нақты қай жерден шыққанын анықтау қиынға түскен.

«Кабель үзіліп кеткен. Нақты қай жер екенін анықтау үшін облыс орталығынан лаборатория шақыртылды. Тағы бір жолы – жаңа кабель тарту. Себебі ақауды тапқанмен, бізге резерв керек. Бәрі бірдей жарықсыз отырмайды. Бір көше сөндіріліп, екінші көше қосылады. Негізі 4 көшеде 250 адам бар», – деді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушановтың айтуынша, жер қазылып, 140 метр кабель тартылды.

«Қазір қосу жұмысы жүріп жатыр. Желіні алма кезек тексеруден өткіземіз. Негізі Ақтөбеден лаборатория келіп, ақау болған жерді анықтады. Бірақ оны жалғауды емес, жаңасын салуға басымдық бердік. Сол кезде бізде резерв болады. Осы жаңасын қосып, ескісін жөндеп қоямыз. Жаңа желі үшін 140 метр кабель алынды. Жөндеу жүргізгендер нақты қанша қаржы жұмсалғанын айтпады. Есептеп, шығарып береді. Қаржы бюджеттен бөлінеді», – деді Рүстем Раушанов.

 

Серіктес жаңалықтары