Ақмола облысында оқушыны ұрған мұғалім жұмыстан шығарылды

Azattyq Rýhy

Аталған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру қолға алынды

Ақмола облысында оқушыны ұрған мұғалім жұмыстан шығарылды
Бейнеден кадр

Ақмола облысы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында оқушыны ұрған мұғалім жұмысынан шығарылды, ал мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Басқарманың мәліметінше, И.Құтпанұлы атындағы мектепте болған оқиға бойынша бүгін, 5 қазанда педагогикалық әдеп кеңесі өткен.

Онда мектептің тарих пәні мұғалімінің теріс қылығы қаралған. 

«Кеңес мектеп директорына әдепсіз теріс қылық жасағаны үшін осы жұмысты жалғастыруға сәйкес келмейтін мұғалімді қызметінен босатуды ұсынды. Тарих пәнінің мұғалімі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі негізінде жұмыстан босатылды. Мектеп директоры мектеп мұғалімінің педагогикалық этика нормаларын сақтауын жеткіліксіз бақылағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада. 

Ал Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру қолға алынғанын атап өтті.

«Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Ақмола облысындағы мектептердің бірінде мұғалімнің тақта алдында тұрған оқушыны ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.