Мемлекеттік корпорацияның жұмысы жетілдіріледі
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Данабек Исабеков «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы жайлы баяндады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру мақсатында бастамашылық жасаған.
«Заң жобасында мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қолжетімділігі бар мемлекеттік корпорация қызметкерлерін мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға жатқызу. Қылмыстық кодекске және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістер енгізілуде.Бұл түзетулер Мемлекеттік корпорация қызметкерлері тарапынан теріс пайдалану мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Қолданыстағы заңнамада көзделген құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның осы қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілгендерге теңестірілген ретінде жауапты болады», - деді ол.
Депутат атағандай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұғымын одан қызмет бағыттарына нұсқауларды алып тастау жолымен оңтайландыру көзделген.
«Бұл бірыңғай провайдер арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ұлғайту бойынша үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік корпорацияға ақпараттық жүйе шеңберінде өтініштерді қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру.Бұл норма азаматтарға әкімшілік органдарға жүгінуге, жауап алуға, сондай-ақ өтініштерді қарау сапасын бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық режимде тексерілген жүйені ("Е-отініш") пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітеді», - деді ол.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов заң жобасы өте маңызды екенін айтты. Ол заң жобасы аясында азаматтардың жеке ақпаратының қорғалуына дейін қарастырылатынын айтты. Екінші оқылымда осы мәселелер қарастырылмақ.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ