$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Халықты қорлау, мазақ қылу»: Алматы облысында 100 млн теңге бөлінген 1,5 км жол шала қалған

Шаңы аспанға шығып жатқан жол көлікке қана емес, жаяу жүргіншілерге де қиындық туғызып отыр

«Халықты қорлау, мазақ қылу»: Алматы облысында 100 млн теңге бөлінген 1,5 км жол шала қалған
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Алматы облысында небәрі 750 метр жолды жөндеуге әкімдік жарты жыл жұмсамақ. Іле ауданының әкімдігіне Боралдай халқының өкпесі қара қазандай. 60 мың тұрғыны бар кенттің орталық көшесін жөндеп, жамауға облыстан 98 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа Боралдай кентіндегі небәрі 1,5 шақырымға жуық орталық көше толықтай жөнделу керек болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Кентте ресми тіркелген 60 мыңға жуық тұрғын бар. Одан бөлек, Казцик, Аманат, Комсомол, Чапаев сынды оншақты ауылдың тұрғындары да осы жол арқылы қалаға қатынайды. Бірақ тендерді ұтқан «Жетісу жолдары» ЖШС жаздың ортасында жолды қазып, астаң-кестеңін шығарып тастағанымен, оны сол күйі қалпына келтірмеген. Ойлы-шұңқырлы, ақ шаңы аспанға шығып жатқан жол енді көлік қана емес, жаяу жүргіншілерге де қиындық туғызып отыр.

«Кішкентай төрт баламмен қазылған ор, шұңқырлар арқылы жүремін, амал жоқ. Қол арбаны арқалауға тура келеді. Осылай балам жатқан арбаны көтеріп аламын. Жол жаз бойы осылай жатыр. Барлық жер шұрық-тесік. Тіптен жаяу жүрейін, жолдан өтейін десең де қауіпті», - дейді көпбалалы ана Эльнара Алиева.

 

«Сәуірден бастап осы жерді жөндейді деп айтқан. Шілденің аяғында бастады. Осыны сабақ басталмай неге жөндеп тастамады? Оқушыларға жүретін жер жоқ. Қоқыс тастаудың өзі проблемаға айналды. Жердің бәрі балшық, қазулы жатыр. Әкімшілік мүлде жұмыс істемейді. Жоғары жақтағылар жұмыс істемейді. Жаз бойы су жоқ еді, енді жол жоқ болды. Сіз мына жақтағы Кенен Әзербаев көшесімен жүріңіз, оқушыларға жүретін мүмкіндік жоқ. Біресе бағдаршам істемейді. Жаңбырда, қарда балалар батпақ пен су кешіп жүреді», - дейді Водник ықшам ауданының тұрғыны Разия Сәрсенбаева.

«ӘКІМНІҢ ЖҰМЫСЫ БАҒАЛАУҒА ТҰРМАЙДЫ...»

Іле ауданына 29 ауыл мен бір кент қарайды. Ауданда салықтық түсім баяғыдан жоғары. Ірі өндіріс орындары, зауыт, фабрикалар да осы өңірге шоғырланған.  Облысқа қажетті бюджеттің тең жартысынан көбін тек осы Іле ауданы аударады. Сөйте тұра, 300 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда не бір әмбебап мәдениет үйі, не әмбебап спорт кешені жоқ. Өз күндерін өзі көріп жатқан жастың да, жасамыстың да жұмысқа, оқуға, өзге де қажеттіліктерге қатысты жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасалмаған, кедергі көп. Жазда жолдары тесік, қыста көк мұз, қардан тазаланбайды. Қазіргі уақытта оқушылардың мектепке баруы да азапқа айналған. Жол белгілері де жоқ. Адамдар шаңды кептелісте қайшылысқан көліктердің арасынан жүруге мәжбүр. 

«Біз мына орталыққа балаларды жібере алмаймыз, баланың арбасымен де жүре алмаймыз. Бізді бұл жағдай әбден сансыратты. Бұл орталық жол саналады. Орталықта не болып жатқанын көріп тұрсыздар. Біз бұл жағдайды масқара деп санаймыз. Шара қабылдау керек», - дейді Боралдай кентінің тұрғыны Надежда Набокина.

«АУДАН ҚАЗАҚСТАННАН БӨЛІНІП ҚАЛҒАН СЕКІЛДІ...»

Халықтың ашу-ызасын тудырған Абылай хан көшесінің ұзындығы 750 метрге де жетпейді. Өкпелі ел тоғыз жолдың торабындағы орталық көшенің қазіргі көрінісі снаряд түскендей деп отыр . Әр қадам сайын шұңқыр. Тендерді ұтқан компания жаздың ортасында жолды қопарып тастаған. Одан бері үш ай өткенімен, жаңа асфальт сол қалпы төселмеген.

 

Ашынған ағайын қалаға іргелес орналасқан ауданда алға жылжу, даму үрдісі байқалмайды, керісінше, кері кетіп, тозып барады деп отыр. Пікір айтуға кезек кезек таласып, ашуын айғаймен білдірген боралдайлықтар төзімнің таусылғанын айтады. Олар жаздай жатқан жол тым болмағанда оқу жылы басталғанға дейін жөнделіп бітеді деп үміттеген. Алайда одан бері де бір ай өте шыққанымен, істің аяқталар түрі көрінбейді. 

«Бұрын Боралдайда Сәлімбаев деген әкім болды, ішіп-жеп, тергеуге алынған соң асылып өлді. Соның кезінде осы жол мәселесін көтергенмін. Мына трассаның шұрық-тесігін жамап қойса бола ма деп.  Қазір қомақты қаражат бөлінгеннің өзінде ешқандай нәтижені көріп тұрғаным жоқ. Бұлар жолдың ортасын сызып қоятын «краскасын» да аяйды. Соның өзі де жоқ. Шұңқыр-шұңқыр, бәрі ойылып қалған, снаряд түскен сияқты. Ауғанстан сияқтымыз. Жолды жылына бір рет жөндеп қоюға болады ғой. Тексеріс, бақылау күшті болса, мұндай «бардак» болмас еді. Мына жағдай – халықты қорлау, азаптау», - деді Боралдай кентінің тұрғыны Серік Шүренов.

«ЖҰМЫСТЫ ҚАДАҒАЛАУ АУДАННЫҢ МІНДЕТІ...»

Жолды жаңалауға тапсырысты аудандық жол бөлімі берсе, қаражат облыстан бөлінген. Аудан әкімдігінен келген қызметкерлердің айтуынша, жолды жөндеуге әлі де уақыт бар. Келісімшарттың соңы 31 желтоқсан деп көрсетілген. Жұрт жаздың басында тендер өткізілгенімен, жағдайдың әлі жақсармағанын жауапсыздық деп санайды. Жиналып, наразылығын білдірген тұрғындар күніне ондаған мың адам жүретін бір шақырымдай ғана жолды жарты жылдың ішінде жөндей алмағаны құжат жасау мамандардың біліксіздігі деп біледі.   

«Қазіргі таңда мердігер мекемеге ескерту берілген. Кестеге сәйкес олардың жұмыстары желтоқсанның 31-інде бітуі керек болған. Оларға ескертпе хаттар жіберілді. Жұмысты 1 қарашаға дейін бітіруі керек. Қазанның 15-іне дейін асфальт жұмыстарын бітіруі тиіс. Келесі аптада Абылай хан көшесінің жолын салып бітеді. Оған 98 млн теңге бөлінген. Бұл жерде екі учаске бар. Бірі – 715 метр, екіншісі – 785 метр. Автотұрағы, тротуары, автобус аялдамалары бар. 220 метр арық болған. Оның бәрін толық бітіреді. Сол үшін жұмыс та тоқтап қалды. Енді асфальтқа кіріседі.

Біздің техникалық қадағалау органдарымыз осында жұмыс істеп жатыр, сапасы бақыланады. Одан бөлек, сапа бақылау орталығымен де келісімшартымыз бар. Олар да бақылайды. Мемлекеттік сараптамадан өткен кезде сондай уақыт берілген. Сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті», - деді Іле аудандық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкері Ержігіт Сәрсенбиев.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Мәди Әлікпаев «қажетті қаражатты бөлдік, ары қарайғы жұмысты қадағалау – аудандық әкімдіктің тікелей жұмысы» деп қысқа қайырды. 

«ЗАУЫТТА АСФАЛЬТҚА КЕЗЕК КӨП...»

Алматы облысындағы тендерлерді шетінен ұтып ала беретін компания жолдың жылдам жасалмауын өздерінен көрмейді. Олардың айтуынша, кенттегі көліктің көптігі, кептеліс жол жөндеуге «кедергі». Әрі жолды жылдам төсеуге асфальт жоқ. 1,5 шақырым жолға 2  мың тонна жол төсеніші кетеді деп есептелген. Бірақ мердігер компанияның өкілі тапсырысы онсызда көп зауыттан асфальт алу оңай емес деп отыр.

«Шілденің ортасында бастадық, жолды қырдық, ол рас. Қырып, жұмысты бастап кетеміз дегенде «технадзор» шықпай қалды. Біз жұмысты тоқтаттық. Мүлдем тоқтатып тастаған жоқпыз, тротуар, су өткізгіштерді жасадық. Негізі, үкіметтен бұл жерге әлі бір тиын да алған жоқпыз. Компания мұны өзінің ақшасына жасап жатыр. Жұмыс істеліп біткен соң ақшасы төленеді. Жауапкершілікті мойнымызға алдық, одан қашып тұрғанымыз жоқ. Уәдемізді халқыққа беріп тұрмыз. Жаңағы шұңқырлар біздің жерде емес. Біз оны да өз тарапымыздан жасап беруге дайынбыз. Сіздердің мұң-зарыңыз бен іштегі ашуды ескере отырып жасап береміз. Мұны бұған дейін де бұл адамдар сұраған.

Қазан айының 15-іне дейін бұл жерде асфальт болады. Біздің қолымызды кептеліс ұстап тұр. Күндіз жұмыс істей алмаймыз, түнде кейбір жерде жарық жоқ. Халық міне, бұрылыста тұрады. Бір шақырым жолды екі күнде бітіруге болады. Бізде асфальт шығаратын 6-7 зауыт бар. Ақшасын төлеп қойдық. Бүкіл зауыттарда қазір кезек көп. Бізден де басқа, Алматының іші-сырты, аудан, облыстарда жасалып жатқан көше өте көп. Асфальттың ақшасын тамыздың 24-і күні төледік. Біздің алдымызда, шілдеде төлегендер асфальтын енді алып жатыр», - деді «Жетісу жол құрылысы» ЖШС ресми өкілі Қуаныш Сұлтанов.

Іле ауданының әкімдігіне тек Боралдай кентінің тұрғындары ғана шағымданып тұрған жоқ. Бұған дейін Төле би ауылының халқы да жолды нашарлығына бола көшеге шыққан еді. 

  

Серіктес жаңалықтары