«Көлде балық түгілі, құрт та қалмайды»: Мақсат Толықбай Зайсанға келген қытайлықтар жайлы
Ол бұл жағдайды өз бақылауына алатынын айтты
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Зайсан көліне балық аулау үшін техникаларын алып келген қытайлықтарды қатаң бақылауға алатынын мәлімдеді. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлады Azattyq Ruhy тілшісі.
«Зайсан көліне Қытай Халық Республикасының азаматтары балық аулауға арналған техникалары мен ауларын кіргізіп жатыр» деген мағынадағы видео кешелі бері қызу талқыланып жатыр. Арасында «Мақсат Толықбай, сіз неге әрекет етпейсіз?» деп мені белгілеген», – деген депутат қолына Жолнұсқау ауылы тұрғындарының арыз-шағымы түскенін айтты.
Оның айтуынша, ол аудан әкімімен де, прокурормен де сөйлескен. Облыс әкімі де бұл жайында хабардар екенін жеткізді.
«Ставной» деп аталатын аулар мен балық аулауға арналған бүкіл техника жергілікті балық өңдеумен айналысатын «Төретам» компаниясына тиесілі екен. Тіпті, инспекция олардың балық аулауына рұқсат та беріп қойған. Дегенмен Зайсан көлінің суы жылдан-жылға тартылып келеді. Үлкен ау салуға болмайды. Бұл – біріншіден, табиғатқа зиян, екіншіден, ертең көлде балық түгілі, құрт та қалмайды. Сондықтан бұл бассыздықты тоқтатуды талап еттік. Нәтижесінде, компания талаптармен келісіп, енді ау салмайтын болды. Бұл мәселені әкімдік те, прокуратура да назарда ұстайды. Егер тағы мұндай жағдай қайталанса, Күршім ауылының тұрғындары өзіме хабар беруді өтінемін», – деді Мақсат Толықбай.