Тоқаев: Ресей тарапынан территориялық талаптар туындайды деп біз еш алаңдамаймыз
Қазақстан Ресейге қатысты санкциялық режимді ұстанады
Қазақстан Ресей тарапынан қандай да бір территориялық талаптар туындайды деп еш алаңдамайды. Берлинде Мемлекет басшысы Германия канцлері Олаф Шольцпен арада өткен келіссөздерден кейін осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәлімдеме үзінділерінің видеосы Telegram арналарда тарай бастады.
«Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын бірден ашық айтты. Оны сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз әрі осы режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал іс-әрекеттерге қатысты қандай да бір қауіп болмауы керек деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара әлдеқашан делимитацияланған және айтарлықтай дәрежеде шегенделген, деп атап өтті Президент.
«Екі елдің парламенттері оны ратификациялап, мақұлдаған. Сондықтан Ресей тарапынан қандай да бір территориялық талаптар туындайды деп біз еш алаңдамаймыз», - деді Қазақстан Президенті.
Украинадағы шиеленіске келетін болсақ, Қазақстан БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөздер жүргізуді, соғыс қимылдарын дереу доғаруды жақтайды.
«Бүгін құрметті канцлер мырзаға жағдайдың өте ауыр екенін айттым. Украиналық және ресейлік тарап та келіссөздерге дайын екендіктерін айтады, бірақ келіссөздер платформасы әлі анықталмаған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.