Директорларды ротациялау мәселесіне кеңінен қарау керек – Дементьева

Ол директорлар жалақысының аздығы жайлы да айтты

Директорларды ротациялау мәселесіне кеңінен қарау керек – Дементьева
Фото: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Наталья Дементьева мұғалімдердің ротациясына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Депутаттық сауалға ата-аналар мен жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерінен келген көптеген өтініш себеп болды. 2021 жылдың қараша айында мектеп басшыларын ротациялау ережесі қабылданды. Олар бір мектеп қабырғасында төрт жылдан жеті жылға дейін немесе одан да көп жұмыс істеген директорларға қолданылады. Оқу-ағарту министрлігі түсіндіргендей, мекемені ұзақ уақыт басқарғаннан кейін басшылардың мотивациясы жоғалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай артады деген қауіп болған», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, директорларды ротациялау мәселесіне кеңінен қарау керек.

«Мысалы, 20-30 жыл қызмет атқарған директорлар бар. Әрине, осындай ұзақ уақыт директор лауазымында отырған директорларды ротациялаудың механизмдерін жетілдіру қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан қарағанда ротация критерийлерін жетілдіріп, толықтыру қажет деп есептейміз. Әртүрлі нұсқаларды қарастыратын нақты алгоритм болуы керек. Ротацияның мақсаты – мектептерді тиімді кәсіби басқару, сондықтан ротация директордың  «тиімділігі» деген сұраққа жауап беру керек. Мектеп директорларын ротациялау мәселесін айтқанда, міндетті түрде білім беру саласының басқару және мектеп әкімшілігінің жалақысы мәселесін айтуымыз шарт. Мектеп директорларының жауапкершілігінің жоғарылығы мен жалақысының төмендігі алдыңғы қатарлы мектептердегі мықты мұғалімдердің ынтасын түсіреді», - деді ол.

Депутат атағандай, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің жалақысындағы алшақтық өте жауапты салада директор тапшылығына алып келетін тәуекел.

Осы айтылғанды ескере отырып, депутат бұл төңіректе мынадай шаралар қабылдау қажет деп есептейді:

  •  Ротацияны жүзеге асыру үшін мектеп директорының «тиімділігі» тұжырымдамасының механизмдері мен критерийлері әзірленсін;
  •  Бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiк-басқарушы қызметкерлерiнiң негiзгi базалық  жалақысын көтеру мәселесi қарастырылсын;
  •  Басқарушы-әкімшілік кадрларды даярлайтын кадрлық резерв бағдарламасы құрастырылсын.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.