$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосымша құн салығының өсуі: қандай тауарлар қымбаттайды

2025 жылдан бастап ҚҚС 16 пайызға көтерілмек  

Қосымша құн салығының өсуі: қандай тауарлар қымбаттайды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Елімізде Жаңа салық кодексі бойынша қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға көтерілмек. Бұл салық тауарлар мен қызмет бағасына қалай әсер ететінін сарапшылардан сұрап білдік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.  

ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Қосылған құнға салынатын салық, кейде қосылған құн салығы – жанама салық түрі, қосылған құнның мемлекеттік бюджетке аударылатын бөлігі, бюджеттің маңызды көздерінің бірі. Кәсіпорын бір жағынан, сатылған өнімдерден қосымша құн салығын алушы болса, екінші жағынан, жабдықтаушылардан өндіріс құралдарын сатып алушы ретінде қосылған құн салығын төлеуші болып есептеледі. Қосылған құн салығын төлеушілер салық кодексінде белгіленеді.

Мемлекеттік бюджетке төленетін қосылған құн салығының көлемі өндірушінің сатқан тауары үшін есептелген салық пен жабдықтаушыларға шикізат, материалдар, отын мен энергия өнімдері үшін төленген қосылған құн салығының айырмасы негізінде есептеледі, яғни салық төлеушілер қосылған құн салығын тауарларды өндіруге (жұмыстарды орындауға, қызмет көрсетуге) жұмсалған материалдық шығынды шегере отырып есептейді. Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиіс қосылған құн салығының сомасы, салық кодексіне сәйкес, салық салынатын айналым бойынша есептелген қосылған құн салығының сомасы мен шегерімге жатқызылған салық сомасы арасындағы айырма ретінде анықталады. Соңғы кездері Қазақстанның экономикалық даму үдерісін қамтамасыз ету мақсатында қосылған құн салығының мөлшерін азайту шаралары іске асырылуда. 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлеушілер қосылған құн салығын 12% мөлшерінде төлейтін болды.

Бұл салықты әлемнің 137 мемлекеті пайдаланады. Қосымша құн салығының ең көп мөлшері Мажарстанда тіркелген. Онда салық 24 пайызды құрайды. Ал Ресей, Ұлыбритания, Өзбекстан, Армения, Украина, Молдавия сынды елдерде 20 пайызды құрайды. Мальдада19 пайызды құрап отыр.

ҚҚС-тің 12%-дан 16%-ға ұлғаюы

Елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Жаңа кодекс 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында консультативтік құжат жариялады. Құжат барысында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру, корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (тапқан табысына орай салық бөлінісін әділ қамтамасыз ету), арнайы салық режимін реформалау, табак өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығы мәселелері қарастырылған.

Қосымша құн салығының 12%-тен 16%-ке дейін ұлғаюының инфляцияға әсері шамалы, деген еді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Үкімет үйінде Қуантыров инфляция бір жылда максимум 0,8 процент тармаққа көтерілетінін айты.

«Біздің есептеулеріміз бойынша инфляция бір жылда максимум 0,8 процент тармаққа көтеріледі. Содан кейін оған экономика үйренеді. Келесі жылдан мұндай әсер болмайды. Құн салығын көтерудегі мақсат – бюджет кірістерін толықтыру. Егер біз оны көтерсек, республикалық бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша қаражат түседі. Осы ақша тікелей әлеуметтік және басқа да маңызды шығыстарға жұмсалады», - дейді министр.

Сондай-ақ Қуантыров Қазақстандағы қосымша құн салығы Ресеймен салыстырғанда төмен екенін айтты.

«Бізде бәсекелестік Ресейге қарағанда төмен. Ресейдің экономикасы біздің экономикамен салыстырғанда сегіз есе үлкен. Әрине, олардан бәсекелестік бойынша қысым бар. Олар 20% (қосымша құн салығы) төлейді, бірақ Қазақстанға экспорт жасағанда соны қайтарып алады. Өздеріңіз білесіздер, біздің азық-түлік дүкендерінде Ресейден әкелетін тауарлар көп. Біздің экспорттаушыларға, импорттаушыларға осындай қысым болып жатыр. Жалпы бағаға ондай үлкен әсер болмайды», - деді Қуантыров.

Ал Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков басқаша пікір айтады. Ол қосымша құн салығының көтерілуі тауарлар мен қызметке тікелей әсер етеді дейді.

«Мемлекеттің әр салығының көтерілуі түбінде біз сатып алатын бір бөлке нан, бір келі қантқа келіп қосылады. Ешбір ортадағы кәсіпкер салықтың үстемділігін өз қалтасынан төлемейді. Өзі қызмет көрсететін, сататын дүниесіне қосады. Соңында жүктеме бәрібір халыққа кеп түседі», - деді депутат.

ҚАНДАЙ ТАУАРЛАР ҚЫМБАТТАЙДЫ?

Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, қосымша құн салығының 16%-ға өсуі бірден еліміздегі тауарлар мен қызметтердің күрт өсуіне алып келеді.

«Бұл өзгерістің әр жағында, қысқаша айтқанда, шет елдерден келетін тауарларды қымбаттатып, отандық өнімнің бағасын олардан қарағанда арзанырақ етіп, елдегі отандық өнімді тұтынушылар үшін тартымды етеміз деген болжам тұр. Алайда елдің көптеген тауар және қызмет бойынша әлеуеті елді толық қанағаттандыруға жетпей тұрғанда, олардың онсыз да халық қалтасы әрең көтеріп тұрған бағасын бірден күрт өсірудің өзі елдегі инфляциялық күтімдерді азайтудың орнына арттырып жіберері анық. Мысалы, көкөніс пен жемісті орташа қосымша құны 10% айналасында десек, оның құнының ар жағында негізінде 22% қосымша құн тұрады, себебі, оның 12%-ын осы қосымша құн салығы құрайды. Яғни, түпкі тұтынушы өнімнің өзіндік құнынан басқа өзге шығындарды, әрі салықтық жүктемені өз қалтасына артпақ», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, енді бұл көрсеткіш те 16% болғанда, табысы төмен ел азаматтары үшін көкөніс пен жемістерді алғанда тіпті шығындалары анық.

«Жарайды, көкөніс пен жемісті шетте қойып, әлем бойынша Қазақстан азаматтары жоғары мөлшерде тұтынатын макаронды алайық. 2021 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда жан басына шаққанда 18 кг макарон тұтынады екен. Бұл рейтингтегі көшбасшы Италия 23,5 кг тұтынса, екінші орындағы Тунисте 17 кг тұтынады екен. Ал 18 кг-мен Қазақстан екінші орын алып тұр десек болады. Енді осы макарон өнімдерінің биылғы инфляциясы 35,1%-ды құрады. Бұл қымбаттаудың ішінде қосымша құн салығын өзгеруін қоссақ, онда 39,1%-ға дейін жетеді. Еске алатын болсақ, 2022 жылы макарон бағасы 33,5%-ға қымбаттаған еді. Сонда, жыл сайын 30-35% арасында қымбаттайтын Қазақстандықтар ең көп тұтынатын өнімдердің бірі енді 40%-ға таяу арада қымбаттайды деп күтуге болады. Мен атап өткен екі мысалда қарапайым халық өз рационында үздіксіз қолданатын көкөністер мен макаронның бағасын өсуін ғана болжадым», - деді Дүйсенов.

Сарапшы өзге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті алатын болсақ, ол жақта да әлбетте өсім болу ықтималдығы жоғары дейді.

«Ал халықтың жалақы мөлшерінің өсімі сол күйі төмен деңгейде. Тек президент жолдауларынан соң болатын 10 000 – 15 000 теңгелік өсімдер болмаса, жалпы инфляция өсімінен ілесе алмай жатыр. Енді осындай халықтың кедейлену ықтималдығы өсіп тұрғанда бюджетке қосалқы табыс деп қарапайым тұрғындарды, шағын және орта кәсіпкерлерді қысымға алу қаншалықты орынды деген рационалды деген ой туындайды. Бұның салдары бюджетке салық артудан бұрын көлеңкелі бизнес пен керісінше салық төлеуге деген жауапкершілікті төмендетіп жібереді деген ойдамын. Мемлекет бюджетті толықтырып, мықтырақ ету үшін президент үкімімен үш жылдық «салықтық жылымықтан» шығып, енді ғана заңды қызметті атқаруға дайын шағын және орта бизнес өкілдерін салықтық қысымға алуы, «жылымықтың» нәтижелерін жоққа шығарады деп емін-еркін айтуға болады», - деді ол.

Сарапшы мемлекет бюджетінде тесік жасайтын, онсыз да көзге көрінбейтін әр түрлі шаралар жеткілікті екенін айтты.

«Неге сондай шараларды оптимизациялағанның орынына, түпкі тұтынушылар қалталарына көз жүгірту жалғасуда? Жалпы, бұндай шешімдер елдегі кәсіпкерлер асыра көп табыс тауып, мемлекеттік бюджетке салықтар жетпей жатқанда қабылдануы керек болып саналады. Алайда, енді дамып келе жатқан экономика секторларына жасалынған салықтық ауыртпалық, ешкімге толыққанды ақтала қоймайды», - деп түйіндеді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары