Ол барлық нысанға мемлекеттік сараптама жүргізілетінін айтты
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектептердің жанына көпқабатты тұрғын үйлер салуға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептердегі балалардың тапталып қала жаздағанына қатысты пікір білдіру кезінде әкімдік мектеп аумағында көпқабатты үйлердің салуын азайту керек екенін айтқан болатын.
Бақытжан Жүнісбеков депутаттың бұл ұсынысымен келіспейтінін айтты.
«Депутаттың ұсынысымен келіспеймін. Егер біз әлеуметтік нысандардың аз болуына немесе жоқ болуына байланысты аймаққа тұрғын үйлерді салуға тыйым салсақ, бұл құрылысшыларға әсер етеді. Себебі әлеуметтік нысандарды мемлекет қаржыландырады. Ал нысандардың барлығы 100 пайыз қаржыландырылып жатқан жоқ. Өтінімдер түсіп жатыр, бірақ оның барлығы қанағаттандырылып жатқан жоқ. Ол екеуін қатар жүзеге асыруға болады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс құжаты мен оны цифрландыру мемлекеттік сараптама бойынша қалалық сараптамалық ұйымның тексеруі арқылы іске асады. Әлеуметтік нысандардың саны сараптама арқылы жүзеге асырылады. Оның жан-жағына салынатын құрылыстарға да сараптама жүргізіледі. Бірыңғай мемлекеттік мүлік кадастры цифрлық ортаға кіріктіріледі. Бұл жұмысты қатар алып жүр керек. Егер де кезеңдеп іске асырылса, құрылыс қарқыны тоқтап қалады», - деді ол.